11.09.2007

Күн батыс

Таң атады, күн батады. Зымыраған уақыт. Үлкен қаладағы қым-қуыт тіршілік тәуліктегі талай сағатыңды ұрлайды. Тіршілік үшін күрес. Жанталас. Тайталас.
Биік тауға шығып, қала қозғалысына көз салсаң, осы қала әлеміндегі талай "нүктелерді" көресің. Әншейінде шулы Қала жым-жырт күйге енеді. .Жыпырлаған ғимараттар. Алматы аспанын торлаған тұмша түтін.
Тағы бір күннің батысы...




БІліміңе білім қос...

Біздің отандық білім жүйесі «халықаралық стандарттарға қаншалықты сай?» деген сауалды өзімізге жиі қоятынымыз рас. Тіпті Қазақ Елі бойынша білім рейтингі бойынша деңгейлері тәуір жоғарғы оқу орындарында оқитындар мен қызмет жасайтындардың «база жоқ, кітап жоқ, білім сапасы көңіл көншітпейді» деген пікірлерін естиміз.
Бүгін ғана бір оқытушымыз өзінің алғашқы дәрісінде «американдық студенттердің сендерден айырмашылығын білесіңдер ме?» деп сұрақ қойды. – «Олар білім алулары мен табысқа жетулерінің 70 пайызы өздерінен деп біледі. Яғни, олар университетте оқу дегенді – 70 пайыз өзіңді-өзің оқыту деп түсінеді».
«Американдық» «ізденушілердің» мүмкіндіктердің мол екендігін (теорияны практикада қатар ұштастыра алу жағдайы, соңғы технологияларды дәрістерінде қолдануы, мол миллиондық ақпарат тасқыны, ғаламторға еркін ену мүмкіндігі, т.т.) мойындасақ та, оқытушымның сөзінің жаны бар сияқты.
Сіз қалай ойлайсыз???

09.09.2007

Қош, таза ауа...


ҚазҰУ қалашығы өзінің қалың орманымен белгілі еді. Бұл аймақта серуендеу таза ауа жұтып, тынығуға мүмкіндік беретін. Қаланың тынымсыз қозғалысы мен шуынан, шаңы мен түтінінен аз уақытқа болса да арылу үшін талай жұрт арнайы жаяулатып серуен құратын.
Енді биік-биік ғимараттар салу үшін (жан-жақтағы оқу ғимараттарын бір жерге шоғырландыру мақсатында) өсуі үшін ондаған жыл уақыт кететін ағаштар қырқылып жатыр.

02.09.2007

Шолу: қазақ блогына қадам басқандар

Akboken (http://akboken.blogspot.com/) блогындағы соңғы мақалада Мөңке бидің көрегендігі талданады. «Мөңке би айтыпты»,- дейтін жыр жолдарының қазіргі өмірді суреттеп тұрғанына тоқталған Akboken болашақ Мөңкелердің құлағына алтын сырға «тағыпты». Бір ай көлемінде блогта 4 мақала жарық көрген.
TIKENEK.KZ (
http://tikenek.blogspot.com/) блогының бетінде әзірге жалғыз ғана мақала: ол өткен сайлаудағы партиялардың сайлау алды дайындығы туралы. Бұл блог болжауымызша,саяси тақырыпқа бағыт бұрмақ.
Adilbol (
http://adilbol.blogspot.com/) блогындағы соңғы мақала демалу мәдениетіне арналған. Жалпы жұртқа да қызық деп тапқан болуы керек, іле-шала осы мақала www.qazaq.kz интернет-газетінің бетінен орын алды. Ашылғалы бері бұл блогтың бетінен 4 мақала орын алыпты.
Бәрінен озғаны (
http://izgilik.blogspot.com/) болды. Ашылғалы бері бұл блогта 31мақала жарияланды. Дін мен ұлт тақырыбын басты бағыт етіп алған блогтан алар ақпарыңыз мол. Блогтағы соңғы ақпарат ретінде Жәнібек, Барақ, Барлыбай батырлардың тарихи өмірбаяндарына арналған Беженхан Қыдырбайұлының мақалалар циклі ұсынылыпты.
Shafagat (
http://shafagat.blogspot.com/) блогы әл-әзір үнсіз. Мұнда тек блог ашу туралы ғана ақпарат орналастырылған.
Ескерту: бұл шолуда барлық қазақ блогтары қамтылған жоқ. Жалпы қазақ блогшыларының бірінші басқосуы аталған алғашқы жиыннан кейін ашылған блогтар бұл. Бұдан басқа бұрыннан жұмыс жасап жатқан, көптеген жақсы мақалалары бар бірнеше блогтар бар.

Нағыз қазақ - домбыра

Жасарал Еңсепов – «Домбыра» журналының бас редакторы, ҚР білім беру ісінің үздігі, педагогика ғылымының кандидаты, доцент. Сазгер әрі қазақ музыкасындағы жаңа жанр «ДЭККО»-ның (Домбыра, эстрада, күй, компьютер, орындаушы сөздерінің бастапқы әріптерінен құралған) авторы.

– Консерваторияны бітірген соң, 1990 жылы №115 мектептің директоры болып қызмет етіп, бұл мектепті ұлттық өнер мектебіне айналдырдым. Басты мақсат жасөспірімдерге домбыра үнімен, домбыра сарынымен тегін білуге үйрету болды. Себебі домбыраның бойында ата-бабаның рухы жатыр. «Домбыра деген – қазақ, қазақ деген – домбыра» деген теңеудің жаны бар. Кейін ғылыммен айналыстым, музыканың, оның ішінде домбыраның психологиясы мен филосософиясы тақырыбында кандидаттығымды қорғадым. Қазір осы тақырыпта докторлығымды жазудамын.
Домбыраның қасиеті туралы не айтасыз?
– Кімде-кім домбыраны тарта білсе, тіпті ең болмағанда құлақ қойып тыңдай білсе, ол психология дейсіз бе, физика дейсіз бе, математика, тарих, педагогика дейсіз бе, барлығын оңай меңгере алады, себебі домбыраның бойында пәндік білімнің барлығы бар. Тіпті бұл музыка аспабы көзбен көріп, құлақпен естуге болмайтын ішкі сезім, ішкі жан дүниені қалыптастырады.
Жақында «Домбыра» атты журналдың тұсаукесерін өткіздіңіздер...
– Иә, жалпы қазақтың жаны домбыра туралы ғылыми ізденістер жасай жүріп, әрдайым осы домбыраға арналған дербес бір басылым ашу идеясы менің ойымда жүретін. Қазіргі нарық заманында кез келген істі қаржысыз бастау мүмкін емес. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,- дейді ғой халық даналығы. «Бір тілді журнал ашсам»,- деп едім, «біздің өнеріміз туралы тек өзіміз емес, басқа ұлттар да білуі тиіс, журналды үш тілде, қазақ, орыс, ағылшын тілінде шығарайық және журналмен бірге домбыраның құдіретін паш етер диск те бірге болуы тиіс, мен қаржылық жағынан өз көмегімді аямаймын»,-деген азаматтар болды.
IX ғасырда өмір сүрген ғұлама Нахшаби бүкіл жер жүзіндегі адамзат атаулыны тектілер мен тексіздер деп екі топқа бөліпті. Тектілер деп ол ұлы данышпандарды таныпты. Кімде-кім музыканы сүйсе, сол өнердің дамуына көмек көрсетсе, өзі ойнай алса не ең болмаса, саз ойнағанда құлақ қойып тыңдай білсе, ол адамдарды текті деп білем деген екен.

PS: Жасарал Еңсеп "Домбыра" журналының сайтын ашу жоспары барын жеткізді. Алайда оған арнайы қаржы қажеттігін айтты. Мен блог ашу туралы ұсынысымды айттым. Ол қуана келісті. Сонымен жақын күндері қазақ блогының қатарына "Домбыра" атаулы ұлттық өнерді үш тілде (!) насихаттайтын блог қосылуы тиіс.