16.08.2007

Сәйгүлік сайысына келіңіз. Өтетін орны: сайлау учаскелері



Сайлау-додасына қатысушы сайыскерлердің дүбірі мәреге таяп қалды. Кешегі күннің атбегілерінше жерге құлақ төсеп, жата қалып, дүбірге құлақ салсаңыз, ауылдастың не ағайынның аты озғанын бағамдауға болатындай.
Бұл пропорционалдық деген ныспы алған аламан сайыстың сөресінен алдын-ала 50 000-нан аса жанкүйері бары белгілі деп баға алған жеті жүйрік көрінді. Олардың бабы мен бағы қаншалықты келіскенін сәйгүлік сайысы 18 тамыз күні атшабар жарыс алаңы – сайлау учаскелерінен көресіз.
Айлық алыс жерге созылып жатқан Үлкен аламанға ат қосқан ағайын өз жүйріктерін қал-қадерінше бағып-қағып, баптау үстінде. Бұл жарыстың Бас ұйымдастырушысы – Орталық сайлау комиссиясы жарыс өтер күні жанкүйерлердің өз сәйгүліктеріне қалай, және қандай әдіспен (қағаз бюлетень не электрондық «Сайлау» жүйесі) қолдау көрсетуге болатынын халыққа құлағдар етіп жатыр. Бұл істе әрбір сайысқа шыққан Сәйгүліктердің – партиялардың жанашырлары көмек беруде. Әрине, олар аламанда өз Партияларына жанкүйер тартпақ ниетте.
Жаз мезгілі болған соң, шешуші күні ел-жұрт «аламан жарысты тамашалауға келмей қалмас па екен?»- деген қауіп те жоқ емес. Бұл ой тек Бас ұйымдастырушы Орталық сайлау комиссиясын ғана емес, жарысқа өз Құлагерін қосқан әр партияның да «басын ауыртып» отыр.
Үлкен аламаннан бөлек, жорға және құнан жарыс деп аталатын Облыстық және қалалық (аудандық) мәслихат депутаттарының да жарысы өтпек. Жарыстан сіз де құр қалмаңыз!!!
PS:Бұл аламанның бір қызығы – мәреге кім бірінші жетеді деген сауал емес, кім екінші болады деген сұрақтың маңызы зор болып отыр. Сонымен, Таңдау-аламанға санаулы сәт қалды. Көпке қызығы – аламан (Парламент депутаттарын таңдау).

07.08.2007

Тікелей желіде - Құрмаш


Өз блогымды бір адамның дербес күнделігі ғана емес, үлкен ақпарат, жаңалық айдынына айналдыру мақсатында, қазіргі ақпараттық жүйенің интерактивтілік аталатын мүмкіндігін қолдану үшін Qazaqia қонағы деген айдар аштым.
Сонымен, алғашқы қонақ – әнші Құрмаш Махан.


ДЕРЕКНАМА
Құрмаш Махан 1972 жылы 27 қаңтарда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, «Өрнек» ауылында дүниеге келген. Сол ауылдың он жылдық орта мектебін бітірген соң, 1989 жылы Жамбыл мәдениет колледжіне, «актер» бөліміне оқуға түсіп, 1993 жылы аяқтайды.
2003 жылы Жамбыл политехникалық колледжін бітірген.
Қазір Тараз педагогикалық институтының «ән» факультетінің соңғы курс студенті.
«Жас қанат», «Азия дауысы», «Славян базары» байқауларына қатысқан.

Өзіңізді ән өнерінен басқа салада сынап көрдіңіз бе?
– 1996 жылы Жамбыл техникалық институтының «бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2-курстан кейін тастап кеттім. Жалпы менің осы ән өнерінен басқа салаға қызығушылығым жоқ екенін түсіндім де, өнер жолына түстім. Ес білгеннен ән айтатынмын, әкем, бауырларым өнерге жақын болатын.
Біздің блогқа сауал тастаған бір оқырманның сұрағы «көрінбей кеттіңіз, қайда жүрсіз» болыпты. Жалпы еңбек жолыңыз туралы бірер сөз...
– Қазір «Хабар» Агенттігінде музыкалық редактор болып қызмет жасаймын. Алғаш ресми еңбек жолымды институтта әдіскер болудан бастағам. 1997 жылы Алматыға келген соң, 2001 жылға дейін «Қазақконцертте» жұмыс жасадым. Кейін ҚР Қорғаныс Министрлігінің орталық оркестрінде еңбек еттім.
Өмірдегі ең басты мақсатыңыз.
– Алланың сүйікті құлы болу. Осы сөздің аясына патриот болу да, өз ісіңнің шебері болу да, барлығы еніп кетеді.
Эльвира есімді оқырман «Иман жолына қалай келдіңіз? Кім себеп болды?» деген сауал жолдаған екен.
– Өмір сабақтары иман жолына әкелді. 1995-96 жылдары алғаш сәждеге бас қойдым, мұны жарнамалаудың қажеті жоқ, әрине. Себебі құлшылық әрбір адамның жеке өмірі. Бірінші Алла, сосын бауырларым. Ізденген адамға себеп көп.
Шығармашылығыңызда не жаңалық? Қазір қандай ән дайындап жүрсіз?
– Мысырлық Сами Юсуфтың орындауындағы «Мұғалім» әнін қазақшаға аударып, өңдеуін жасап жатырмыз. Бірақ ән түпнұсқасындағы қалпында қалады.
Ән аудармасын жасау үшін рұқсат алдыңыз ба?
– Рұқсат алу үшін, Сами Юсуфтың сайтына хат жолдағанбыз, жауап ала алмадық.
Бұл авторлық құқықты пайдалану емес пе?
– Алла разылығы үшін жазылған ән болған соң, қарсылық болмас деп ойлаймыз.
Сайлауға қатысасыз ба?
– Міндетті түрде. Азамат ретінде тілегім, өзімнің ойым біздің көп сайлаушылар өзінің саяси мәдениетін қалыптастырып, толықтырса нұр үстіне нұр болар еді.

PS: Мен Qazaqia блогы оқырмандары белсенді болып, кемі он шақты сауал түсер деп ойлағам. Ойым орындалмады. Қалай болса да, бұл қазақ ғаламторы...

03.08.2007

Ұялыңыз қай елдікі?


15 миллион 300 мың халқы бар Қазақстанның 5 миллион 600 мың тұрғыны ұялы байланыс құралын тұтынушылар санатына кіреді. Болжамдар бойынша 2008 жылы Қазақстанда әрбір екі адамның бірі ұялы байланыс қызметін пайдаланатын болады.

Ғаламтор бойынша алынған ақпаратқа сенсек, ұялы телефонның сериялық нөмірі арқылы оның қай елде өндірілгені туралы білуге болады. Ол үшін көпшілігімізге мәлім *#06# таңбаларын өз телефоныңызда тересіз.
Осы сәтте сіздің ұялы телефоныңыздың экранында 15 таңбалы сан шығады. Осы 15-таңбалы санның 7 және 8-ші сандары телефон өндіруші мемлекеттің коды болып табылады екен. Осы таңбаларға қарай, оның сапасы туралы да мәліметтенуге болатын көрінеді.


02 не 20 – Біріккен Араб Әмірлігі (сапасы төмен)
08 не 80 – Германия (жаман емес)
01 не 10 – Финляндия (жақсы)
00 – түпнұсқа (сапалы)
13 – Әзірбайжан (өміріңізге қауіпті)

*#7220# деген таңбаны тергенде, экран өшіп қалса, телефон Қытайда шығарылған.

01.08.2007

Гулдене бер, Казақстан!




Алматы көшелерінде жарнама көп. Соңғы уақыттары қазақы кейіпке түскенін байқап жүрміз. Әйтсе де, осы бір "Гулдене бер, Казақстан" деген әлеуметтік һәм "патриоттық" жарнама еш өзгермеді.
Жаса, "Казақстан!", "Гулдене бер, Атан!"

«3»-тен «7»-ге, «8»-ден «0»-ге




2007 жылдың 5 тамызы Астана уақыты бойынша 3:00-ден бастап Қазақстан қалаларының телефон коды ауысады. Осы уақыттан бастап, абоненттерге «3» санының орнына (халықаралық «сегіздіктен» кейінгі алғашқы сан) «7»-ні теруі керек.
Қазақстан мен Ресей +7 аймағына қарайды, екі ел арасындағы келісім бойынша халықаралық «сегіздіктен» кейінгі «7» мен «6» Қазақстанға, ал «3» пен «4» Ресейге берілген болатын. Ал қазақстандық ұялы байланыс операторлары бұл стандартқа, яғни «үштіктен» «жетілікке» көшіп қойған.
Өзгерістер мұнымен ғана шектелмек емес, облыс ішіндегі ауданаралық қысқартылған телефон терімі жойылатын болды. Сондай-ақ 2007 жылдың соңына дейін, «сегіздіктің» өзі «нөлге» ауысу жоспары бар.