02.11.2007

"Азамат" жастар клубының мүшелері - Парламентте!

«Азамат» жастар клубының алты мүшесі қараша айының 5-10 аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінде іс-тәжірибеден өтпек. Бұл бірнеше Мәжіліс депутаттарымен келіссөздер нәтижесінде мүмкін болып отыр. Осыған дейін бірнеше жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан «Депутат және жастар» жобасының мақсаты – депутаттар мен жастар арасында диалог орнату, жастардың Парламент қызметімен танысуы, сондай-ақ, заңнаманың заңға айналу үдерісін, заңдардың талқылануын көзімен көруіне мүмкіндік ашу.
2007 жылдың сәуір айында жүзеге асқан жобада парламент қабырғасына баруға мүмкіндік алған жастар «ҚР Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын құрастырып, депутаттар назарына ұсынды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Тіл комитетінің төрағасы Ерден Қажыбек мырзаның айтуынша, үкімет деңгейінде әзірленіп жатқан «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасында «Азамат» клубы мүшелері дайындаған заң жобасындағы баптар ескерілетін болады.
Ал қараша айындағы Парламентке сапардағы қоғамдық көмекшілердің жұмысы негізінен жастар тақырыбына арналмақ. «Жастарды баспанамен қамтамасыз ету», «Жастарды жұмыспен қамту», «Жас ғалымдарды қолдау» және «Жетім балалар мәселесі» тақырыбын зерттеген іс-тәжірибеден өтуге талпынған жастар Мәжіліс депутаттарына осы тақырыптарда өзіндік ұсыныстарын жинақтап, депутаттық сауалдар әзірлемек.
«Азамат» жастар клубының мүшелері Парламентте Мәжіліс депутаттары Алдан Смайыл, Бекболат Тілеухан және Нұртай Сабильяновта қоғамдық көмекші ретінде бір апта іс-тәжірибеден өтпек.

9 айда - 228!

Қызылордаға жол түсті, сол сапарда қолыма Қызылорда облысы бойынша 2007 жылдың 9 айындағы жол-көлік оқиғалары туралы ресми мәлімет түсті.
Қаңтар-қыркүйек аралығында облыс көлемінде 228 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 100 адам осы оқиғалардың салдарынан қайтыс болған. 225 адам жарақат алған.Оның ішінде, жасөспірімдердің қатысуымкен болғандары – 33, қайтыс болғаны – 9, жарақат алғаны – 27.
Жолдағы апаттардың 189-ына көлік иелері, 22-сіне жаяу жүргіншілер кінәлі болған. 3 оқиға ішімдік ішу салдарынан орын алған.

01.11.2007

Қаратау қаласы

Республика күні қарсаңында Жамбыл облысы, Талас ауданының Қаратау қаласына жол түсті. Сол жолсапардан бірер сурет назарларыңызға ұсынамын. Суреттерге байланысты бірер сөз. Қаратауда мемлекеттік нышандарға деген ерекше «құрмет» байқалады. Қызылорда облысына қарасты Тереңөзек өңiрiнде 1825 жылы дүниеге келген ақын Ұлбике Жангелдіқызына орнатылған ескерткіш пен ақын қыздың есімін иеленген мәдениет үйі. Қазыналы қарт Қаратау.
Қосымша ақпарат:
Қаратауда еліміздегі 350 түрлі өсімдіктің сексенге жуығы кездеседі, сондай-ақ 61 дәрілік өсімдік өседі. Қаратаудың басты мақтанышы – Грейг қызғалдағы, сарымсақ, жуа және т. б. көптеген өсімдіктер. Сирек кездесетін жоғалып бара жатқан арқар, тек Қаратауда ғана бар көрінеді.
Ұлбике Жангелдіқызының әке-шешесiнiң кейінірек қоныс аударған жерi Жамбыл өңiрiнiң Талас бойы болғандықтан, оның айтыстарының көбi Талас маңында айтылғанын деректер растайды. Ұлбикенiң ақындық өнерiнiң биiктiгi ата-анасына да қатысты болса керек. Себебi, әкесi Жанкелдi де, анасы Жаңыл да қара жаяу емес, өлең мен сөздiң қасиетiн бiлетiн ауызекi өлеңге жүйрiк жандар болған. Бірде Майлы қожа ақын Ұлбикеге әзілдеп: «Түсімде алтын зеренге қымыз құйып отыр екенсің» — депті. Сонда Ұлбике іркілместен былай деген екен:
Басыма салып жүрмін желегімді,
Үш-төрт жыл біле алмадым дерегіңді.
Мүттәні теріс оқыған зәлім қожа,
Тауып бер көнегім мен зереңімді.
Ұлбикенің асыл мұрасын жинауға М-Ж. Көпеев, Ә. Диваев, В.В. Радлов сияқты әйгілі фольклор жинаушылар айрықша ыждаһатпен ден қойған. «Бұдан 120 жылдай бұрын жанды бетіне қаратпаған ақын болып, қазақтан Ұлбике деген қыз шығыпты», — деп жазады Ә. Диваев.