05.01.2008

СІЗ ҚАЙДА ЖҮРСІЗ:Рәтбек қажы Нысанбайұлы

Рәтбек қажы Нысанбайұлы. 1940 жылдың 7 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Бұқарада білім алған, Ливияның 9 жылдық Ислам университетін 6 жылда бітірген. 1975 жылдан Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (Өзбекстанға қараған) Алматыдағы қази-өкілдігінде хатшы қызметін атқарған. 1990 жылы ҚМДБ дербес сәттен 2000 жылға дейін Мұсылмандар діни басқармасының бас мүфтиі болды. Қазір Есік қаласындағы мешіттің бас имамы.
Біз Алматы облысы, Есік қаласына 8:30 шамасында жеттік. Құрбан Айтының алғашқы күні болатын. Есіктегі екі мешіттің бірінде кезінде он жыл бойы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі болған Рәтбек қажы Нысанбай 3 жылдан бері бас имам.
- Бас мүфтиліктен түскелі жұрт назарынан тысқары қалдыңыз. Қайда жүрсіз?
- Менің ең бір сүйікті ісім – кітап жазу. Жазғанымды, оқығанымды қайталап, тексеріп отырғанды жақсы көремін. Осымен айналыстым. Қазір үш жыл болды, Есік қаласындағы мешітте бас имаммын.
- Бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тіркелген мешіт қой?
- Иә, тіркелген. Келгенде бұл мешіттің сүлдесі мен кілемін ғана қабылдап алдым. Астын 3 метр қаздырып, топырағын алғыздым, сыз боп кеткен екен.
- Кезінде осы мешіттердің діни басқармаға тіркелмегені туралы көп сөз болған еді.
- Тіркеу деген Әділет министрлігіне кейін шықты. Ол діни басқармаға мешіттер қарамады десең ұтыласың. Олардың барлығы басқарма рұқсатымен ашылған.
- Қандай спорттың түрімен айналысасыз?
- Жаяу жүрем. Үйімнен мешітке дейін 1,5 шақырым жаяу келемін. Кейде бірнеше рет барып-қайтуға тура келеді. Сонда бас-аяғы күніне он шақырым жаяу жүремін.
- Үлкен тенниспен шұғылданыпсыз?
- Ол бұрын ғой.
- Қажылықта қанша мәрте болдыңыз?
- 1978 жылы бірінші рет бардым. 7 мәрте қажылықта болдым, 8 мәрте умра, яғни кіші қажылық, барлығы он бес мәрте қажылықта болдым.
- Бас мүфтилікті тапсырудың себебі не?
- Оны бір Алла біледі.
- Өтініш жаздыңыз ба?
- Өтініш жазғам жоқ.
- Алматыдағы Орталық мешіттің құрылысы ұзаққа созылған еді кезінде...
- Ол мешіттің орнында 30 шақты барақ үй болған, сосын сол мешіттің астында телефон кабельдері, құбыр өтеді екен, осыларды көшіруге рұқсат алу үшін, оны алу үшін 3-4 жыл уақыт өтіп кетті. Құрылыс енді басталғанда инфляция басталып кетті, жиған ақшамыз көбік болып ұшты да кетті. Үкіметтен 50 миллион теңге де алғанбыз. Оны ешкімге айтпай жүрмін. Бұл мешітті кім тексермеді? Бәрі тексерді. Құрылысшылар 556000 теңге жеп қойған.
- Өмір жолыңыз туралы кітап жазу ойыңызда бар ма?
- Барлығын жинап айтам, уақыты келеді, кітап жазуым мүмкін.
- Діни істерді жүргізуде маңыздысы имам кадрлардың білімі мен біліктілігі.
- Мәселен мен діни басқарманы басқаруға келгенде екі-ақ қазақ имам еді. Оны неге сұрамайсыңдар? Мысалы мен 400 кадрды оқыттым. Олардың көбі қазір жұмыс істемей жүр.
- 1992 жылы сіз Бас мүфти болып тұрған кезде қабылданған «Діни сенім және ар-ождан бостандығы туралы» заң секталардың қызметіне жол ашқандай болды.
- Мен мүфти болғанда депутат та болғам. Сонда Жоғарғы Кеңесте секталардың қаупі туралы айтқам. Бірақ «Алаш» қолымды сындырып, байлап тастағанда, бұл заң қабылданып кетті. (1991 жылы Рәтбек қажы Нысанбайға «Алаш» партиясының бірнеше белсенді мүшелері мешітте шабуыл жасап, қолын сындырған, бас мүфти болудан бас тартуын талап еткен. - ҚАЗАҚИЯ)
- Жасай алмай қалған дүниелеріңіз бар ма?
- Жасай алмай қалғаным жоқ, бәрі өз ретімен келіп жатыр. Бірақ бәрін жасап, қызығын көретін кезде кетіп қалғаным ашындырады.

04.01.2008

ТАРАЗЫ


Әр апТ*аның жұмА*сында "ХабаР*" А*рнасында 21:30-да "ТАРАЗЫ" апталық-сараптамалық телетартуын тамашалаңыЗ*!
(қайталауы: сейсенбі, 15.10)
Ой қосЫ*ңыз...



Жаңа мүшелдің жаңа парағы

Көптен блогыма жазу жазып, ақпар жаңартпаған едім.
Григориан күнтізбесіндегі 2008-де ҚАЗАҚИЯ блогымда жұртты қызықтыратын дүниелер орын алатын болар деп үміт етем. Өзім блогым жаңартып тұрмасам да, өзге қазақ тілді ғаламтор күнделіктерін жіті оқып, танысып отырдым.
Блогыма қатысты нендей жаңалық болуы мүмкін?
Мәселен, алдағы 3-4 күннің ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының экс-бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбаймен болған ашық сұхбатты жариялаймын...