01.02.2009

Ұятты ұялы...

Осыдан он-он бес жыл бұрын елімізде сыртқы пішіміне қарап, кірпіш аталып кеткен ұялы телефон ұстағандар қоғамдағы жаңа технологияны игерген озық адамдар саналып, анда-санда ғана ұшырасатын. Ал қазір ұялы телефон күнделікті қарым-қатынас құралы, біздің бір өмір бөлшегімізге айналып үлгерді. Ал оның бағасы ше?
Бірлікті аз жұмсайтындар үшін де, саз жұмсайтындар үшін де ұялымен байланысу қымбат. Қазір онымен бұрынғыдай сән үшін сөйлесетін ешкім жоқ. Бәріне қажеттіліктен керек. Біздің нарыққа ұялы байланыс аталатын соны технологияның келгенініне биыл – 15 жыл. Осы 15 жылда тіркелген сим-карталар санымен есептелетін абонент саны 15,2 миллионды құраған. Соңғы ресми деректерге көз салсақ, 15,3 миллион халқы бар Қазақстан үшін бұл тәуір, тіпті өте тәуір көрсеткіш. Бірақ бағаның төмендеп жатқанын сезініп жатқандар аз. Бәрібір қымбат дейтіндер көп. Алғаш ұялы байланыс нарығы ашылғанда, сөйлесудің бағасы 1 доллардан жоғары еді, оған қоса, дөңгелектеу 60 секундқа дейін еді. Есесіне, 90 жылдардың басында жақсы алғышарттармен, арзан тарифтермен нарыққан енуге талпыныс жасаған бірнеше ұсыныстар қабылданбай қалған.
Қазіргі таңда еліміздегі мобильді байланыс нарығында 3 GSM және бір CDMA жүйесіндегі төрт компания қызмет жасайды. Ақпараттандыру және байланыс агенттігі аталатын құзырлы мекеме өкілдері жаңа операторлардың нарыққа енуіне қарсы емес, бірақ, байланыстың толқын жиілігінде бос орын жоқ, қолдануға болатындары Қорғаныс министрлігіне тиесілі екен.
Қызмет көрсету бағасына келсек, ұялы нарық ұятты боп тұр. Жер көлемінің үлкендігін себеп етейін десек, көршілес Қытайда байланыстың бір минуты орта есеппен 3 теңгені төңіректейді, мәселені халықтың аз шоғырлануынан іздейін десек, 1 шаршы шақырымға 2,5 адамнан ғана келетін Аустралиядағы ұялы телефон қызметінің құны бізден төмен. Әлеуметтік жағдайы әлсіздеу саналатын Орта Азия да, дамыған Еуропа да байланыстың бұл түріне тұтынушының шығыны аз. Ресейлік компания сатып алған 777 нөмірлі оператордан өзгесінде «Қазақтелеком» аталатын байланыс магнатының бақылау пакеттері бары біздің баға саясатындағы алшақтықтардың қайдан екенін білуге жетелесе керек.
Орта есеппен алғанда, қазір ел тұрғындары қоңырау соғудың бір минуты үшін GSM жүйесінде 12-35 теңге аралығында қаржы жұмсап отыр. байланыс қызметін ұсынушы компаниялар маркетингтік әдіс-айлаға салып, бір жағынан тұтынушыға тарифтер таңдау мүмкіндігін бергендей болып, екінші жағынан осы арқылы табысқа жетуді көздейді. Бір тарифте ішкі қоңыраулар құны арзан болғанымен, өзге желідегі абоненттер үшін қоңырау шалу қымбат немесе ұялы телефон нөмірлеріне арзанырақ болғанымен, стациноарлық қалалық телефондарға байланысқа шығудың шығыны көп. Болмаса, байланыс құны CDMA жүйесіндегі тәрізді минутына 3,5-9 теңге аралығында, бірақ, абоненттік төлем бар. Құндағы мұндай қым-қуыт тірлік тауарды өткізуді басты істері деп білетін маркетологтардың өзіне бірнеше нөмірді қатар ұстатып отыр.
Телефоныңда бірлік болмаса, тірліктің де өнуі қиын. Сол бірліктердің арқасында «Кар-Тел» компаниясының өткен жылғы таза табысы 71 миллион долларды құраған, ал №1 алып GSM Қазақстан мұндай ақпарат таратқан жоқ, бұл ұялы байланыс нарығындағы ашықтықтың аздығын көрсетсе керек.
Телефон операторлары қазір табыстың біршама бөлігін негізгі байланыс орнатумен ғана емес, сонымен бірге қосымша sms, mms, GPRS, wap және басқа да қызметтер ұсыну арқылы тауып отыр. Айтпақшы, Қазақстанда, тек байланыс операторларының тарифтік бағасы ғана емес, телефонмен ұтқыр ғаламторға ену құны да қымбат...
Ұялының ұятты болатын тағы бір тұсы - тілі...