31.07.2007

Тікелей желіде - әнші Құрмаш



Құрмаш: "Имандылық тақырыбындағы шығармашылық жобаларға қолдау көрсететін демеушілер іздеймін. АЛЛА разылығын бірге іздейік, бауырлар!"


Тамыз айының 7-сі күні, 15:00-де әнші Құрмаш Qazaqia блогының сұрақтарына, сіздердің сауалдарыңызға жауап беріп, өзінің ой-көзқарасымен бөліседі.


Құрметті Qazaqia блогының оқырмандары!

Өздеріңізді мазалаған сұрақтар болса, 7 тамыз 14:00-ге дейін сауалдарыңызды comment ретінде жолдасаңыздар болады.

Сіздердің белсенділіктеріңізді күтеміз!!!


Тікелей желіде жолыққанша!!!




30.07.2007

Блогтың құны



http://bakytnur.wordpress.com/ Бақытнұр блогынан алынған ақпаратттар бойынша, өз электрондық поштамды сурет ретінде шығарып қойдым.

Ал өз блогымның құнын анықтасам, 3,387,24 $ екен.


Тағы бір блог ашылды


Жетпісбай Бекболатұлы - экономика ғылымының кандидаты, журналист.

Өзіндегі бар ақпаратпен бөлісу үшін өз блогын ашып отыр. Таныс болыңыз!


Блогшылардың Бірінші Басқосуы



28 шілде, 2007 жыл, Алматы. Жергілікті уақыт 10:30 (Гринвич меридианы + 6:00)

Алматыдағы жергілікті сауда орталықтарының толқынды ғаламтор желісіне қосылу мүмкіндігін беретін орындарының бірінде қазақ блогшыларының алғашқы басқосуы өтті.
Асхат Еркімбай, Қуаныш Мағзу, Бақытгүл Салық, Думан Күреңбай, Әділ Абдрахман және мен бас қосқан мәжіліс виртуалды әлемторда ғана бірін-бірі білетін блогшылардың өзара танысуы сипатында өтті.

Асхат Еркімбай: Блог – әрбір адамның ғаламтордағы күнделігі десе де болады.
Бақытгүл Салық: Блогтың негізгі мақсаты – пікір алаңына айналу. Егер сенің жазғандарыңа пікір жазылмаса, онда бұл басқаларға керек емес деп ойлайсың.
Қуаныш Мағзу: Блог дегеннің не екенін көп адамдар түсіне бермейді. Мен өз блогымда жұмыс жасап жатсам, адамдар «бұл сенің бизнесің бе?» деп сұрап жатады.
Әділ Абдрахман: Блогты қалай жасауға болатынын біліп алдым, енді өз блогымды ақпаратқа толтыра берем.
Думан Күреңбай: Әлі өз блогымды аша қойғаным жоқ, болашақта жоспарымда бар.
Асхат Еркімбай: Менің блогымды тұрақты түрде АҚШ-тың Аляска штатынан, Ираннан, Моңғолиядан қарайтындар бар. Адамдардың сенің блогыңды қарағанын көріп, сенің де жауапкершілігің артады.
Қуаныш Мағзу: Блогты өзіндік дамыту өте қиын. Оған басқа тараптардан да көмек керек.
Бақытгүл Салық: Күздің бір айында үлкен бір басқосу өткізген дұрыс болар.
Асхат Еркімбай: Қайсыбірімізде бір ұсыныс не сұрақ туындаса жиналып тұрайық. Жиналудың нақты уақыты мен жиілігі өзі-ақ анықталады.

Блог статистикасы




Үш күн бұрын блогыма статистикалық ақпаратты анықтаушы Motigo жүйесі орнатылған еді. Бұл жүйе шындығында да қызықты екен.
Енді Motigo-ның санағына жүгінсек, Qazaqia блогына 28 шілдеде – 15, 29 шілдеде – 7, ал бүгін, яғни 30 шілдеде – 56 адам кіріпті. Бұл кешегі күннің қорытындысы бойынша ең көп адам кірген Түркіменстанның Leukotomie (48) сайтына кірген адамдардың санынан көп. Жалпы үш күндік қорытынды – 78 адам.
Ал мемлекеттер бойынша санаққа көз жүгіртсек:
Қазақстан – 67 (85,9 %)
Корея – 8 (10,3 %)
Малайзия – 2 (2,6 %)
Бельгия – 1(1,3 %)

Қазақ блогтары оқылады деген сөз.

Жаңа блог ашылды


Дінтанушы, мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтайдың блогы ашылды.

Мұртаза Бұлұтай Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Түркиядан Атамекенге оралған қазақтың көшін бастаушылардың бірі. 7-8 тілді қатар меңгерген Бұлұтай Түркияда, Германияда, Қазақстанда білім алған.


"Ата баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?", "Дін және ұлт" монографияларының авторы.

http://izgilik.blogspot.com/

Әнші Құрмаш



Әнші Құрмаш Маханов 1972 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Бос уақытында сөзжұмбақ шешкенді ұнататын Құрмаш қазір жас әншілермен бірге шығармашылық жұмыстар жасауда.

12.07.2007

Шығыс жекпе-жегі – киокушинкай

Шығыс жекпе-жектері әрдайым өзінің филосософиялық болмысымен ерекшеленіп отырған. Каратэ-до-ның киокушинкай түрі шығыс жекпе-жегіндегі ең жас спорт түрі саналады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Күншығыс елінде пайда болған (негізін қалаушы – Масутацу Ойама) бұл спорттың түрімен қазір Қазақстанда он мыңнан аса әуесқой айналысады. Ғасырлар қойнауынан адам танымының, дарыны мен еңбегінің асыл үлгілерін жеткізетін қоян-қолтық күрес ғылымы мен филосософиясы киокушинкай жапон тілінен аударғанда «ақиқатты іздеуші қауым» деген ұғымға сай келеді.
Жас шығыс жекпе-жегі өз алдына адамдардың физиологиялық мығым болуын ғана емес, салмақтылық пен рухани өрісін кеңейтуге бағытталған. Киокушинкайдың әрбір әдісі мен қозғалысынан әфсана табуға болады.
Жекпе-жекте әрбірі 10 санаттан тұратын кю және дан деп аталатын екі түрлі дәреже бар. Олардың әрқайсысына ие болу үшін күш пен еңбек, сонымен қатар ақыл да қажет.
Олимпиадалық спорт түріне енбесе де, бұл спорттың түріне деген қызығушылардың шоғыры мол. Адамның тұлғалық қасиеттеріне ден қоятын, алғашқы кезекке рухани өрлеуді мұрат еткен киокушинкайдың кәсібилер мен әуесқойларға арналған дербес бағдарламасы бар. Алматы қаласының өзінде үш жүзден аса әуесқой осы спорт түрімен шұғылданады екен. «Біз бірінші рухани бай болсақ қана, күшіміз де мығым болады»,-дейді «ақиқат іздеушілер».
Спорт ден саулығының кепілі ғана емес, ой-өріс пен руханияттың кемелденуіне бастар жол болуы да тиіс, шығыс жекпе-жектері осы талап үдесіне жауап береді деуге толық негіз бар. Бұл ретте спортқа деген қызығушылықты арттыра түсу мақстаында Қазақстанның киокушинкай каратэ-до федерациясы алдағы күзде әлемнің 25 елінің өкілдері қатысатын дүбірлі жарыс өткізу бастамасын қолға алып отыр.
Спорттың қай түрімен шұғылдансам екен деген сауал көкейіңізде жүрсе, осы спорт һәм филососфиямен танысып көріңіз. Бәлкім жолыңыз болар!

09.07.2007

Қазақтың ордасы - Астана!

... Бұл мақала сәуір айында Парламент Мәжілісінде іс-тәжіриебеден кейін жазылған. Қазір бұл "тежегіш" (өздері осылай мәлімдеген) Парламент Мәжілісі өз қызметін тоқтатты. Алда-сайлау!

Қазақтың ордасы – АСТАНА!

Еліміздің заң шығарушы органы Парламент қызметінің жалпы жұртқа беймәлімдеу тұстары жетерлік. Депутаттардың заң үшін талай тер төгетінін де көпшіліктің біле бермейтіні рас. Заң жобасының заңнамаға айналуы да ұзақ әрі күрделі үдеріс.
Сәуір айының басында «Азамат» жастар клубының алты мүшесі Астанаға сапарлап, «Депутат және жастар» жобасы бойынша бір жұма Парламент Мәжілісінде үш депутатта қоғамдық көмекші болып қайтты.

... Шәкәрімше айтсақ, бұл сапар бұрынғы сапарлардан өзгерек болды. Оның өзгешелігі ­– Парламент Мәжілісінің депутаттарымен көзбе-көз жүздесу емес еді. Немесе елдің құлдық санадан азат болуының һәм жаңғыруының белгісіндей құрылысының кірпіші тоқтаусыз қаланып жатқан Астананы көруде де емес еді. Сапардағы ең басты мән – рухани тұрғыдан азық алуымыз болатын...

Сапар...
Жексенбіде жолдамыз. Бағытымыз ­– Астана. Сапар серуендеу емес, Парламент Мәжілісінде бір апта депутаттардың қоғамдық көмекшілері ретінде тәжірибе жинақтау, шеберлік шыңдау. Замандастарымның Парламент депутаттарын «көк жәшіктен» көргені болмаса, заң шығарушы органның шаңырағына алғаш сапарлаулары. Алдын-ала Мәжіліс депутаттары Бекболат Тілеухан, Мұхтар Шаханов және Нұртай Сабильяновтармен біздің жобамыз келісілгенімен, «қалай болар екен?» деген күдік те жоқ емес.
...Пойызға мінсем болды, қайран кешегі өткен бабалар еске түседі. «Қалайша осыншама байтақ даланы қорғап қалған?»-деп іштей сүйсінесің. Сүйсінесің де, енді осы кең байтақ мекеннің иесі сен екендігің, оның амандығы мен қорғалуы сенің және замандастарыңның мойнында екендігін түсініп, үлкен жауапкершілікті сезінесің.
Сапардың сәтілігін тілеген алты жүрек пойыздың ырғағымен қатар тербеліп, Ақордаға жол тартып барады.

Нышан ба, рәміз бе?
Дүйсенбі. Таңғы 8:30-да біз Астанаға табан тіредік. Солтүстіктің салқыны бірден сезіледі. Бірден-ақ Парламентке жол тарттық. Астана. Құрылыс қарқыны қызу. Бір-бірімен жарыса салынып жатқан тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттар бірден-ақ көзге түседі. Парламент Мәжілісі мен Сенатының ғимараты Үкімет үйіне қарама-қарсы, Ақордадан Бәйтерекке қарағанда, оң қапталында орналасқан. Биік ғимараттағы Мәжілістің ғимаратына күн сайынғы рұқсат қағазы арқылы кіре аласың. Оны алу үшін депутаттың көмекшісінің тегіңді атап, рұқсаттама беру бөліміне телефон шалуы жеткілікті. Жеке куәлігіңді табыстап, ғимаратқа енер алдында, Парламенттің күзет қызметінің тексерісінен өтесің.
Үш депутатқа екі-екіден бөлінген біз алғашқы күннен-ақ Парламент деп аталатын алып құмырсқаның илеуіндегі қызу тірлікке араласып кеттік. Парламент Мәжілісінде әр түрлі саладағы жеті комитет жұмыс жасайды. Комитетке мүше болу-болмауды депутаттардың өзі шешеді. Парламентте өтетін іс-шаралардан бастап, дауыс беру тәртібіне дейінгі дүниенің барлығы Мәжілістің бекітілген Регламентімен жүреді. Әрбір депутатқа бір көмекшіден бекітілген. Егер депутат өзі қаласа, беске дейін қоғамдық негізде көмекші ұстауға құқы бар. Мәселен, Бекболат ағаның ресми көмекшісімен бірге екі бірдей қоғамдық көмекшісі бар екен.
Осы күні-ақ біз нағыз ақын Мұхтар Шахановпен жеке жүздестік. Өзінің ақындық-тұлғалық қалпымен Мұхтар аға бізге қазіргі қазақ тілінің жайын тілге тиек етті. «1992 жылы Қазақстанда 8882 балабақша болды, соның 2237-сі – қазақ тілінде, 2507-сі – аралас болды. Ал қазір бізде бар болғаны 387 қазақ балабақшасы бар. Біздің болашағымыз дейтін жастардың басым бөлігі өз ана тілін білмейді, бәрін ғаламдық деңгейде ойлайтын космополит қазақтар көбейіп кетті. Сендердей ұлтжанды жастарды көргенде, кішкене үміт пайда болады»,-деп ағынан жарылды Мұхтар аға. Өзінің осы тіл, ұлт мүддесінде жұмыс жасайтын партия құру жолында жұмыс жасап жатқандығын да жасырмады.
Түс ауа Сенат пен Мәжілістің біріккен комиссиясының «Мемлекеттік нышандар туралы» заң жобасына қатысты отырысына қатыстық. Комиссия төрағасы Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов екен. Комиссия құрамында Сенат депутаты Нұрлығайым Жолдасбаева, Мәжіліс депутаттары Ғаділбек Шалахметов пен Бекболат Тілеухан бар екен. Бұл комиссия біз қоғамдық көмекші ретінде жұмыс жасаған жұма ішінде төрт мәрте бас қосты. Жалпы бұқаралық ақпарат құралдары шын істің ақырын күтуден гөрі, көбіне сезімге, жеңіл дүниеге, сенсацияға жақындау келетіні бар. Әйтпесе, «рәміз дұрыс па, нышан дұрыс па?» деген сауал барлық дерлік баспасөзде көтерілгені белгілі, бұл жерде мәселе мынада екен. Ата Заңда нышандар ретінде көрсетілген, енді күзде Конституцияға өзгерістер жасалғанда, нышандар сөзі рәміздермен ауыстырылатын болады. Гимннің де жағдайы солай. Егер қазір рәміз, әнұран болатын болса, оның еліміздің негізгі заңына қайшы келетіні түсінікті.
Келіп түскен заң жобасын талқылау кезінде егер депутаттар осы заң жобасына қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар енгізетін болса, оны салыстырмалы кестеде көрсетеді. Осы салыстырмалы кесте негізінде депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстардың тағдыры шешіледі. Біздің қолымызға да осы нышандарға қатысты заң жобасының салыстырмалы кестесі қолға тиді. Бекболат аға «ертеңге дейін ұсыныстарың болса, енгізіп көріңдер»,- дегенді айтты.

***
Сейсенбі. Бүгінгі жұмыс күніміз Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне мүше депутаттармен басқосудан басталды. Әрбір Парламентке келіп түске заң жобалары алдымен комитеттерге келіп түседі. Әлеуметтік мәдени даму комитетінің құзырында осы жылы білім беру, ғылым, денсаулық, спорт, туристік қызмет және діни сенім туралы заң жобалары қаралып жатыр екен.
Комитет төрайымы Зәуре Қадырова кезінде 1996 жылдардағы қиындықтар туралы әңгімелеп берді. «Сол уақыттары Президенттің «Қазақстан-2030» бағдарламасын, ел ордасын Астанаға көшіруге байланысты ұсыныстарын қоғам қабылдай алмаған,олардың ішінде мен де бар едім, кейін бәрі де түсінікті болды, бұл дұрыс жол екен»,- деді Зәуре Қадырова. Президенттің биылғы Жолдауын, журналистерге берген сұқбатын, талқыға салған соң, депутаттар біздерді қандай мәселелердің толғандыратындығын сұрады. Заң факультетінің 2-курс студенті Айсәуле Әбілда мүгедек жастарға, оның ішінде, мүгедек студенттерге мемлекет тарапынан жағдай жасалмай отырғандығына тоқталса, саясатану факультетінің 2-курс студенті Нұрмұхамед Байғара «Болашақ» бағдарламасымен оқу түсуде кездесетін қиындықтарды атап өтті. «Мәселен, мен Польшаға құжат тапсырдым, сонда құжаттарды сол тапсырушы елдің тіліне аудару керек екен. Ал мысалы, поляк тілінде аудару үшін төленетін ақы студенттің қалтасына ауыр тиеді»,-деді.
... Бүгін Бекболат аға бізді кабинетіне жиып алып, иман, ұлт тақырыбында екі сағатқа жуық дәріс оқыды. Өзінің өмірлік көрген-білгенімен бөліскен Бекболат өзінің шешендігі мен жыр-толғауларды, Абай туындыларын жатқа соғуымен тәнті етті. Екі сағатқа жуық әңгіме алтаудың жүрегіне жылылық сыйлағандай болды. Бұл дәріс апта бойы үзілмеді. Сапар кәсіби өсу ғана емес, рухани кемелденуге де жол ашқандай.
... «Мемлекеттік нышандар» туралы заң жобасының отырысында біздің он үш позиция бойынша енгізген өзгерістеріміз қаралды. Сенат депутаты Қуаныш Сұлтановтың арнайы көңіл бөліп, жиынды үзе тұрып, танысу үшін уақыт арнауы біз үшін күтпеген оқиға еді. Өзімізді, оқу орнымызды таныстырған соң, «жастардың мемлекеттік маңызы бар осындай сәттерде тапжылмай тыңдап, шыдамдылық танытуы өте дұрыс-ақ. Сіздердің елімізің рәміздері туралы заң жобасына бей-жай қарамай, өз ұсыныстарыңызды айтқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Білім жинаңыздар, біздің орнымызды басыңыздар»,-деген тілегін білдірді. Масаттанбадық, бірақ марқайып –ақ қалдық, «жақсы сөз – жарым ырыс»...

***
Сәрсенбі. Әр сәрсенбі Парламент үшін өте маңызды күн. Себебі осы күні Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Депутаттық сауалдардың жолдануы да, заңдардың қабылдануына дауыс беру кезі де осы күн. Мәжіліс залына тек депутаттар мен телеарналардың бейнетүсірушілері ғана кіре алады. Ал журналистер мен депутатың көмекшілері отырысты ішкі теледидар желісі арқылы тамашалу мүмкіндігіне ие. Бүгінгі жалпы отырысқа 57 депутат қатысты. Ал Регламент бойынша, депутаттардың 2/3-сі жиналса, мәжілістің шешімі заңды саналады. Көп ретте Парламент депутаттарының жұмысы ақпарат тасқынының арасында көзден таса қалып жатады. Мәселен, сол күні 21 депутат депутаттық сауалдарын жолдады. Олардың арасында Т. Бердіоңғаровтың ҚМЭБИ-дегі оқу бағасының бір жылда 40 пайызға артуы, К. Ағатаеваның көптеген оқу орындарының жатақханаларының санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмейтіндігі, М. Шахановтың Астана дүңгіршектерінен қазақ тілді басылымдарды табудың қиындығы жөніндегі сауалдары болды. Әсіресе, Шахановтың көтерген мәселесі кейінірек БАҚ бетінде ерекше көрініс тапты.

***
Бейсенбі. Амангелді Айталы. Таныс есім. Тіл, ұлт тағдыры жайлы көтерген мәселелерімен, жазған мақалаларымен таныс есім. «Мен жалпы көпшілік үшін тек 2001 жылдары ғана таныла бастадым. Оған дейін мені ғылымда жүрген санаулы адамдар ғана білетін» деп бастады Амангелді аға өз сөзін. Ресей топырағында дүниеге келген ол 20 жасына дейін сол жерде білім алған. 30 жылдай Ақтөбе педагогикалық инстиутында оқытушы болған. Философия ғылымдарының докторы. «Қоғамның санасы бірден өзгермейді. Еврейлер енгізген «тілдің өміршеңдігі» деген ұғым бар. Ұлттың 20-22 жас аралығындағы жастарының қанша бөлігі өз ана тілінде білім алып жатқанына қарап, тіл өміршеңдігі анықталады. Бізде 80 пайыз жастар қазақ тілінде білім алып жатыр. Яғни қазақ тілінің өміршеңдігі 80 пайыз деген сөз. Ең алдымен, тілдік орта қалыптастыруда балалар әдебиеті мен мультипликацияны дамыту дұрыс. Сосын қазіргі тілдік саясаттың нысаны – қазақтар болуы керек. Мәселен, мемлекеттік қызметтегілердің 88 пайызы қазақтар, осы бөлігі қазақыланса жетіп жатыр»,-деді Амангелді аға. Ұлттық идеология, жетімдердің шет елге жөнелтілуі мен еуразиялық идея төңірегінде біраз ой бөлістік. Сом тұлғалы азаматтың пікірлері де кесек-кесек.
Іс-сапарымыз тек кездесулермен ғана шектеліп жатқан жоқ. Әрбірімізге депутаттарға келген хаттар бойынша да жұмыс жасау жүктелген. Депутатқа сауал жолдайтын сайлаушылардан келетін хаттар аз емес.
Мемлекеттік нышандарға қатысты ұсыныстарымыздың алтауы қабылданып, өзгеріс ретінде еніпті.
***
Жұма. Парламент депутаттары бес күндік тәртіп бойынша жұмыс жасайды. Сондықтан, бүгін Парламенттегі қорытынды күніміз. Астанаға жиналар тұста біз өзіміз «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын жазып шығып, депутаттарға ұсынсақ қалай болады дегенді ойлағанбыз. Бүгін сол жұмысымыздың соңғы нүктесін қойдық. Заң жобасын жазу барысында Латвия, Литва, Молдова, Әзірбайжан, Түркменстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің осы саладағы заңдарын қарап шықтық. Оылайша, студент жастардың күшімен әзірленген заң жобасын депутаттар Мұхтар Шаханов, Әлихан Бәйменов, Нұртай Сабильянов, Бекболат Тілеухан, Амангелді Айталы, Зейнулла Алшымбаевқа танысуға тастадық.
Әлихан Бәйменовпен жүздескенімізде, ол кісі «егер заң жобасымен барлық Парламент танысып шықсын десеңдер, қазірі жағдайды ескеріп орыс тіліне де аударыңдар. Өйткені қазақ тілін білмейтіндер осындай заң жобасының әзірленгендігін білсін»,-деген ұсыныс айтты.

***
Сенбі. Бұл күнді Астананы аралауға арнадық. Таңертең «Нұр-Астана» мешітіне бас сұқтық. Өте биік, кең әрі әнді салыныпты. Бірақ, бір өкініштісі, жаңбыр тамшылары, мешіт ішіне де әр жерден тамшылап тұр екен. Құрылыс кезінде Астана климаты ескерілмеген тәрізді. Бәйтерекке көтеріліп, Астананы бақылап, «Думанға» барып мұхит әлемімен танысып, Президенттің мәдени орталығында елдің тарихынан сыр шертер тарихи құжаттар мен жәдігерлердің куәсі болдық. Кешқұрым Бекболат ағаның дастарқанынан дәм таттық.

***
Жексенбі. Жолдамыз. Бағытымыз ­– Алматы. Парламент Мәжілісіндегі бір жұма шын мәнінде тәжірибе жинақтау мен шеберлік шыңдау апталығы болды. Бәрі сәті болды деп қуанады сапарластарым.
...Пойызға мінсем болды, қайран кешегі өткен бабалар еске түседі. «Қалайша осыншама байтақ даланы қорғап қалған?»-деп іштей сүйсінесің. Сүйсінесің де, енді осы кең байтақ мекеннің иесі сен екендігің, оның амандығы мен қорғалуы сенің және замандастарыңның мойнында екендігін түсініп, үлкен жауапкершілікті сезінесің.
Сапардың сәтілігіне қуанған алты жүрек пойыздың ырғағымен қатар тербеліп, Алматыға жақындап қалды.

Түйін
Парламент – қазіргі біздің қоғамның бет-бейнесін беріп тұрғандай. Онда бес жыл бойы үнсіз кететіндер де, жұмыс жасайтын, бірақ көпке бейтаныс, ісі аз, алайда көпке танымал, ісі де, танымалдығы да бар бірнеше санаттағы депутаттар жиналған. Қалай болса да, Парламент қимылсыз отырған жоқ. Тірлік көп. Оны тек көру керек.

Алматы-Астана-Алматы

АҚШ...

АҚШ...
Қазіргі АҚШ Еуразияның жаңа ұлы державасы атануға ашық түрде талас жүргізіп отыр. АҚШ-тың жетекші саясаттанушыларының бірі, стратегиялық және халықаралық мәселелерді зерттеу орталығының кеңесшісі З. Бжензинскийдің пікірінше, «Американың әлемдік деңгейде жалғыз ұлы державалық рөлі Еуразияға қатысты толыққанды және ашық стратегия жасаудың қажеттілігін нық бекітіп отыр. Бжезинский алдымен АҚШ-тың Еуразияда саяси плюрализмді бекіту қажеттігін айтады. Ол үшін басымдық АҚШ-қа қарсы коалиция құрылудың мүмкіндігін жоққа шығаратын саяси әдістер мен дипломатиялық басқаруға берілуі тиіс. Еуразияны америкаландырудың екінші кезеңінде америкалық басқарумен трансеуразиялық қауіпсіздік жүйесін құруы мүмкін стратегиялық әріптестер пайда болуы керек. Ұзақ мерзімді жоспар бойынша, мұның бәрі ғаламдық деңгейдегі ұзақ саяси жауапкершілік жүйесінің негізі болуы мүмкін.
Қазіргі саяси үдерістер зерттеушілерге әлемнің дамуын анықтайтын болашақтың түрлі жолын болжауға итермелейді. Алғашқысы ХХІ ғасырдың басында басталып, бірнеше онжылдықтарға созылатын АҚШ-тың күштілігімен сипатталады. Екінші сценарий АҚШ-тың ғаламдық деңгейдегі маңызды геосаяси бәсекелестерінің көшін бастаған Қытайдың немесе Еуро Одақтың әлемдік аренеаға шығуымен анықталады, бұл ретте әлем биполярлық-екі полярлық әлемге айналады. Үшінші болжам ретінде көп полярлық жүйе алынады, Қытай, Германия, Ресей, Үндістан тәрізді елдер өзіндік аймақтарда әсер ете алатындай жол. Осы болжамдардың мемлекеттердің геосаяси мүдделерін жүзеге асыруда өзіндік тетіктерін ұсынады.
АҚШ Қытаймен геосаяси тұрғыда тіл табысу үшін көптеген жолдарды қарастыруда. Олардың бірі ретінде Қытаймен шектесетін Қазақстан мен Моңғолия елдеріне ерекше назар аударуын атап өтуге болады. Қытаймен шекараласа Қазақстанға назарын аударуы түсінікті: шекаралас аймақта этникалық, мәдени-тарихи, діни сабақтасқан байланыс бар. Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районында этникалық қазақтар көп шоғырланған.
АҚШ-ты Қазақстанның көршісі деп атау қиын. Алайда, Орта Азиялық аймақтың геосаясаты туралы айтқанда, АҚШ-тың көреген «көзі» мен «ұзын қолын» ескермеу тағы да қиын.
АҚШ соңғы екі-үш жыл көлемінде ғана өзінің аймақтық геосаяси көзқарастарын қайта қарастырып, Қазақстанға айрықша назар аудара бастады. Осыған дейін, Құрама Штаттардың геосаяси бағыты барлық Орталық Азия республикаларымен, Ауғанстанмен шектесетін Өзбекстанға бұрылып келген. Алайда, 2005 жылы Әндіжанда болған қанды қырғын Ташкент пен Уашингтонның қарым-қатынасын суытып, американдықтардың Астанаға қарай белсенді қадамдар жасауына мәжбүр етті. Бұған қатысты дәйектер де табыла кетті. Қазақстанға аймақтағы ең ірі американдық инвестиция құйылған, Қытаймен ұзақ шекарасы бар, мұнайдан басталатын мол табиғи қоры «Үлкен Орталық Азияны» құру жоспарын жеңілдетеді.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынаста Қазақстанның негізгі мақсаты – супердержаваны өзінің аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қабілетін ең алдымен эконмикалық және диломатиялық әдіспен дәлелдеу, осы арқылы мәртебелі бонустар иелену.
Ал АҚШ-ты демократияны дамытуға үлес қосу, инвестицияны қорғауды қамтамасыз ету, терроризм мен есірткі тасымалымен күреспен қатар, Қазақстанның Ауғанстанды қайта қалпына келтіру үшін экспорттық ағынға бейімделуіне қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ, Пентагонның әскери операцияларына жергілікті елдердің саяси қолдауы да маңызды.
Бүгінде қазақтың мұнайлы «астанасы» Атырауда АҚШ қаржыландыратын әскери базаның ашылуынан кейін, АҚШ пен НАТО Астанамен Каспий теңізінде бірлескен мүдделерді қорғау мақсатында Қазақстанның әскери-теңіз флотилиясын құру жайлы келіссөздер жүргізуде.

АҚШ-тың Орталық Азия аймағына назар салуы Каспий арқылы Иранға қысым жасаудың жаңаша тетігі ғана емес, геосаясаткер Вадим Цымбурскийдің айтуынша Қазақстанды уысында ұстау – АҚШ-тың ғаламдық гегемондық стратегиясының маңызды бөлігі. Ресейлік ғалымдардың айтуынша, ТМД мен Балтық маңы елдерін Финляндиядан Қытайға дейін созылып жатқан және Еуразияның ірі өркениетті орталықтарын бөліп жатқан алып тұтас Ұлы Лимитроф белдеуінің бөлігі ретінде қарастырған жөн, Бұл белдеуге Шығыс Еуропа, Қап тауы мен Орталық Азия да енеді. АҚШ болса, осы белдеудегі маңызды орталықтарды басқарғысы келеді.
Көмірсутек шикізатына бай Қазақстан үшін өз байлығын өзгеге жеткізетін құбырлардың маңызы зор. Мұнай-газды тасымалдауда Қазақстан үшін маңызды бірнеше бағыттар бар. Алғашқысы КТК – Солтүстік Каспий мұнай құбыры, оның ең жоғарғы өткізу мүмкіндігі жылына 67 тоннаны құрайды. Алайда, барланған мұнай-газ қорының молдығын ескерсек, Қазақстан үшін 2007-2008 жылдары келесі құбыр мәселесіне де маңыз беру керек: ол – «Баку-Жейһан» жобасы немесе Самара – Балтық елдері тармағы немесе Парсы шығанағына Иран арқылы шығатын жол болатыны әлі нақтыланбаған.
Қазір Қазақстан – АҚШ қарым-қатынасындағы жаңа бір «көзір» – ол әлемдік қауіпсіздік мәселесі. Қазақстан қазір АҚШ-тың ықпалымен өзіндегі бар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, терроризммен күреске қосылуда. Ал АҚШ осы үшін өз кезегінде Қазақстандағы өтіп жатқан реформалар үшін қолдау көрсетуде.
2006 жылы мамыр айында АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейнидің Қазақстанға сапары кезінде, Қазақстанның жетістіктеріне өз ризашылығын білдірген. «Қозғалыстың бағыты анық: демократиялық және экономикалық реформаларды жалғастыру, заң билігін күшейту, жемқорлықпен күресті кеңейту, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру және қауіпсіздіктің сенімді саясаты»,- деді Чейни. – «Дамудың кілті осында».
Қазақстанға тартылған шет елдік 45 миллиард доллар инвестицияның үштен бірі – американдық инвестиция. Энергетика саласында 300-ден аса американдық компаниялар жұмыс жасауда.
АҚШ қазір Иранға қарсы әскери әрекет жасауға дайын екендігін танытып жатыр. АҚШ вице-президенті Дик Чейни Аустралияға сапары кезінде, Уашингтонның Иранның ядролық державаға айналуымен еш келіспейтіндігін атап өткен болатын. Ал Тегеран иран билігінің өз ядролық бағдарламасын жалғастыратындығын, үзбей мәлімдеп келеді. Ресей ресми түрде америкалық саясаттың Иранға қатысты қарсылығына өз келіспеушілігін білдірген. Ал бұл ретте Астана алыптар қақтығысынан тыс қала алмайды. Өйткені, Орталық Азия, оның ішінде, бірінші кезекте, Қазақстан ең басты ұрыс алаңына айналуда. Бір нәрсе анық: ешбір аймаққа, ешбір елге осы АҚШ-Иран қақтығысынан тыс қалуға мүмкіндік жоқ. Мемлекеттерге таңдау жасауға тура келеді. Бұл ең қиыны, өйткені Ресей мен Қазақстан арасындағы мәңгі достық туралы келісім мен тығыз саяси мемлекетаралық құрылымдар арасындағы екіжақты, көпжақты жалпы интеграциялану үрдісі қалыптасқан. Сонымен қатар, Ресей мен Қазақстанды әлемдегі ең ұзақ мемлекетаралық шекара жалғастырып жатыр. Ресей сарапшылары Қазақстан мен Ресей қатынасы Канада мен АҚШ қатынасы тәрізді деп баға береді, алайда, канадалықтарда «американдықтар немесе басқа біреулер» деген таңдау жоқ болса, Қазақстанда ондай мүмкіндік бар.
Ресей Қазақстан үшін мәңгі дос және көрші болғанымен, Қазақстанға құйылған инвестицияның басым бөлігін АҚШ салып отыр. Экономикалық мағынада АҚШ Қазақстан мен Канада үшін бірдей жағдайда: себебі көршілес Канада үшін де, алыстағы Қазақстан үшін де АҚШ алып инвестор. Осыдан АҚШ-тың Канада үшін ғана емес, Қазақстан үшін де «бірінші дос» болғысы келетіндігін көруге болады. Ал АҚШ-пен достық көп міндет жүктейді, бұл ретте Ресеймен де дәл осындай жағдай туындайды.
Қазақстанның экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан Америка компаниялары әскери база ашуды ұсынуы әбден мүмкін. Бұл мәселе, әсіресе, Өзбекстандағы Карши-Ханабад нысанының жабылуынан кейін өзектілігін артырды. Басқа жағынан алғанда, Америка үшін Қазақстан Өзбекстаннан да маңызды. Себебі, Қазақстанның Каспий маңы мемлекеті болуының өзі атап өтерлік.
Қазақстан – АҚШ арасындағы екіжақты тауар айналымы жыл сайын 2 миллиардтан артып отыр. Каспий аймағындағы мұнай мен газдың барланған қорының 75 пайызының Қазақстанда болуы мен Америкадан Қазақстанға құйылатын болжамды инвестицияның көлемі алдағы онжылдықта 100 миллиард доллардан артуы екі ел арасындағы әріптестіктің нығаю мүмкіндіктерін көрсетеді.
Қазақстан – АҚШ қарым-қатынастары қазіргі заманғы халықаралық жағдайдың мазмұнына үндес келіп, көп салалы ықпалдастықты дамытуға бағытталған кең ауқымды қамтиды. Жоғары деңгейде тұрақты өткізіліп келе жатқан дәстүрлі кездесулердің нәтижесінде қол қойылған маңызды құжаттар – Демократиялық әріптестік туралы хартия, Экономикалық серіктестік жөніндегі іс-қимылдар бағдарламасы, "Қазақстан – АҚШ жаңа қатынастары туралы" президенттердің Бірлескен мәлімдемесі және Энергетикалық серіктестік туралы декларация және басқалары екі жақты ынтымақтастықтың берік шарт-құқықтық базасын құрайды.
Құрама Штаттардың біздің елімізбен көп қырлы қатынастарын арттыра беруге құлшыныс танытып отырғаны аңғарылады. Мұның бір себебі, бүгінде әлемдік саясаттың белсенді орталығына айналып отырған Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттің туын ұстап, аймақтағы лайықты әріптес екенін таныта білген Қазақстанмен байланыстарын бекемдей түсуге Американың алысты көздеген стратегиялық мүддесі жатқаны анық.
АҚШ-пен энергетикалық саладағы ынтымақтастық ел экономикасының ілгерілеуіне игі ықпалын тигізуде. Каспий бассейніндегі қорлардың басым бөлігіне иелік ететін Қазақстанның энергетикалық жобаларына әлемнің бірқатар елдерінен ең ірі компаниялардың, соның ішінде америкалықтардың белсенді қатысатыны белгілі. Қазіргі замандағы мұнай мен саясаттың жымдасып кетуі америкалық сыртқы саясатта мұнай мәселесінің, соның ішінде Қазақстанмен қатынастардың басымдылығын белгілейді. Парсы шығанағындағы ірі мұнай қорларына иелік етуші мемлекеттер Ирактағы тұрақсыздық пен Иран төңірегіндегі күрделі жайттардың бұған қатысы жоқ деп айту, әрине, қиын.
Энергетикалық саладағы ынтымақтастықтың бір бағыты мұнай-газ өндірісіндегі қызмет көрсету секторын дамытуды көздейді. Бірлескен іс-қимыл шеңберінде мұнай-газ жабдықтарын өндіруге, газды пайдалануға, мұнай-химия, көлік, телекоммуникация, сондай-ақ өңдеуші кәсіпорындар салу жобалары бар. Жаңа технологияларды енгізуге баса назар аударылған. Бұл қазіргі таңда Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды, өйткені шикі мұнайды экспорттау тәуелділігінен босап, мұнай-газ саласын әр алуан өндіріс көзіне айналдыруға қолайлы мүмкіндік туады.
Мемлекет басшыларының екі елдегі жеке секторды жақындастыру, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Хьюстон бастамасы айтарлықтай мәнге ие, оған сәйкес экономикадағы басым секторларға Америка инвестицияларының молырақ келуіне жол ашылуы тиіс. Өз кезегінде бұл кіші және орта бизнестің сандық және сапалық өсуін ынталандырып, орнықты дамуға ықпалын тигізбек. Қазіргі уақытта біздің елімізде 400-ге жуық бірлескен кәсіпорын, 100-ден астам америкалық компаниялардың өкілдіктері тіркелген.
Біздің еліміздің АҚШ-пен қарым-қатынастарының алғашқы кезеңінде ең алдыңғы қатарға шыққан ядролық қаруға байланысты түйін екі тарап үшін де оңтайлы шешімін тапқан болатын.
2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы дүние дидарын елеулі өзгерістерге ұшыратып, халықаралық қоғамдастық алдына жаңа міндеттер жүктегені мәлім. Бұл жағдайлар Қазақстан – АҚШ қарым-қатынастарына да тың мазмұн қосты. Қарусыздану мен таратпау ісіне елеулі үлес қосқан Қазақстан халықаралық терроризмге қарсы күреске бағытталған іс-қимылдарға батыл және сенімді түрде араласты. Жаһандық қауіп-қатердің терроризм, экстремизм, сондай-ақ сепаратизм және есірткі тасымалы тәрізді жағымсыз құбылыстарына қарсы күреске Қазақстанның белсенді нысанда қатысуы, жалпы, әлемдік қауымдастық тарапынан әділ бағаланады. Қазақ елі Орталық Азия мемлекеттерінде нарықтық және демократиялық өзгерістердің кепілі, бүкіл өңірді саяси тұрақтылық, экономикалық даму мен гүлденуге бастайтын күш ретінде қарастырылып отырғаны шындықтан алшақ емес.

«Болды да партия...»

«Сайлаудың болғанынан болады»-сы қызық. Мажоритарлық бір мандатты сайлаудан пропорционалды жүйеге ауысқанымыз сол-ақ еді, әлді-әлсіз, мәлім-беймәлім партиялардың өн бойына қан жүгіріп, қал-қадіріне сай тірлікке көшті.

Алдымен кезектен тыс съезін жиған «Руханият» болды, «Парламентте 11 орыннан үміттіміз» дескен де солар. Біздің 200 000 мүшеміз бар дескен «ауылдықтар» ұсынған партиялық тізімде қырық кісі болды: ерекше көзге түскені партияның төрағасы – Ғани Қалиев, өнер қайраткері, әнші Нұрғали Нүсіпжанов пен жазушы Дулат Исабеков. Ал «миллионер» (миллион мүшесі бар) «Нұр-Отан» еліміздің заңнамасы рұқсат беретін 127 үміткер ұсыну құқығын түгелдей пайдаланды.
Ақ райхан гүлін нышан еткен Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы 80 адамның тізімін жария етті: Жармахан Тұяқбай бастаған тізімде экс-мәжілісмендер Амалбек Тшан, Болат Әбілов пен Оразалы Сәбден, экс-сенаторлар Уәлихан Қайсар мен Зәуреш Батталовалар бар.

«Ақжол» + «Әділет» = 114
«Бұл әннің бұрынғы әннен өзгерек» екендігін ескеріп, сайлау сынына бір ту астында қатысуға бел буған партиялар да бар. Өткен жексенбіде «Әділет» демократиялық партиясының кезектен тыс және тарихи тұрғыда соңғы V съезі өтті.
– «Бүгін Қазақстанның саяси өмірінде ерекше оқиға»,-деді тарих сахнасына кеткен «Әділеттің» төрағасы Мақсұт Нәрікбаев. – Барлық амбицияларымды жиып қойып, мен бүгін «Ақжол» партиясымен бірігетінімізді мәлімдейміз.
Осыған дейін жеті ай бойы блок ретінде бірге жұмыс жасаған қос партия сайлау заңнамалары блоктардың сайлауға қатысуға рұқсат бермейтіндігіне байланысты алдағы сайысқа «Ақ жол» деген атпен қатыспақ.
Партияны «Әділетті Ақжол» деп атау туралы ұсыныс болғанымен, уақыттың тарлығына байланысты «Ақжол» атауы өзгеріссіз қалған.
ҚР Парламенті Мәжілісіне «Ақ жол» партиясының ұсынылған кандидаттар тізімі жарияланды. 114 адамнан тұратын тізімде Әлихан Байменов, Мақсұт Нәрікбаев, Амангелді Айталы, Мырзагелді Кемел бар.

11 шілде – Халықтардың қоныстануының халықаралық күні

1989 жылы Біріккен Ұлттар ұйымы даму бағдарламасының басқару кеңесі 11 шілдені халықтардың қоныстануының немесе тұрғын халықтардың халықаралық күні ретінде атап өту бастамасын көтерген болатын. Жер ғаламшарын мекен еткен адамдардың саны 1987 жылдың 11 шілдесінде 5 миллиардтан асқаннан бері, бұл күннің мақсаты ретінде халықтар мәселесі мен олардың шешу жолдарын іздеуге назар аудару таңдап алынған.
2001 жылы Жер тұрғындарының саны 6,1 миллиард адам болды, егер жыл сайын Жерді мекендеуші адамдар 77 миллионға көбейіп отырса, алдын-ала болжамдар бойынша, 2050 жылы адамзат саны 9,3 миллиардты құрамақ.
2008 жылы тұңғыш рет әлем халқының жартысынан астамы, атап айтқанда, 3,3 миллиард жан қалалық елді-мекендерде өмір сүретін болады. Ал 2030 жылға таяу қалалық Жер тұрғындарының саны 5 миллиардқа жетпек.
Өткен жылы БҰҰ тарапынан бұл күн әлемнің жартысын – 3 миилард адамды құрайтын 25 жасқа дейінгі жастар мен оларға қатысты мәселерге арналған болатын.
Ал елімізде соңғы мәліметтер бойынша халық саны 15,4 миллионды құрайды, оның ішінде қалалық қазақстандықтардың үлесі – 58 пайыз.