05.01.2008

СІЗ ҚАЙДА ЖҮРСІЗ:Рәтбек қажы Нысанбайұлы

Рәтбек қажы Нысанбайұлы. 1940 жылдың 7 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Бұқарада білім алған, Ливияның 9 жылдық Ислам университетін 6 жылда бітірген. 1975 жылдан Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (Өзбекстанға қараған) Алматыдағы қази-өкілдігінде хатшы қызметін атқарған. 1990 жылы ҚМДБ дербес сәттен 2000 жылға дейін Мұсылмандар діни басқармасының бас мүфтиі болды. Қазір Есік қаласындағы мешіттің бас имамы.
Біз Алматы облысы, Есік қаласына 8:30 шамасында жеттік. Құрбан Айтының алғашқы күні болатын. Есіктегі екі мешіттің бірінде кезінде он жыл бойы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі болған Рәтбек қажы Нысанбай 3 жылдан бері бас имам.
- Бас мүфтиліктен түскелі жұрт назарынан тысқары қалдыңыз. Қайда жүрсіз?
- Менің ең бір сүйікті ісім – кітап жазу. Жазғанымды, оқығанымды қайталап, тексеріп отырғанды жақсы көремін. Осымен айналыстым. Қазір үш жыл болды, Есік қаласындағы мешітте бас имаммын.
- Бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тіркелген мешіт қой?
- Иә, тіркелген. Келгенде бұл мешіттің сүлдесі мен кілемін ғана қабылдап алдым. Астын 3 метр қаздырып, топырағын алғыздым, сыз боп кеткен екен.
- Кезінде осы мешіттердің діни басқармаға тіркелмегені туралы көп сөз болған еді.
- Тіркеу деген Әділет министрлігіне кейін шықты. Ол діни басқармаға мешіттер қарамады десең ұтыласың. Олардың барлығы басқарма рұқсатымен ашылған.
- Қандай спорттың түрімен айналысасыз?
- Жаяу жүрем. Үйімнен мешітке дейін 1,5 шақырым жаяу келемін. Кейде бірнеше рет барып-қайтуға тура келеді. Сонда бас-аяғы күніне он шақырым жаяу жүремін.
- Үлкен тенниспен шұғылданыпсыз?
- Ол бұрын ғой.
- Қажылықта қанша мәрте болдыңыз?
- 1978 жылы бірінші рет бардым. 7 мәрте қажылықта болдым, 8 мәрте умра, яғни кіші қажылық, барлығы он бес мәрте қажылықта болдым.
- Бас мүфтилікті тапсырудың себебі не?
- Оны бір Алла біледі.
- Өтініш жаздыңыз ба?
- Өтініш жазғам жоқ.
- Алматыдағы Орталық мешіттің құрылысы ұзаққа созылған еді кезінде...
- Ол мешіттің орнында 30 шақты барақ үй болған, сосын сол мешіттің астында телефон кабельдері, құбыр өтеді екен, осыларды көшіруге рұқсат алу үшін, оны алу үшін 3-4 жыл уақыт өтіп кетті. Құрылыс енді басталғанда инфляция басталып кетті, жиған ақшамыз көбік болып ұшты да кетті. Үкіметтен 50 миллион теңге де алғанбыз. Оны ешкімге айтпай жүрмін. Бұл мешітті кім тексермеді? Бәрі тексерді. Құрылысшылар 556000 теңге жеп қойған.
- Өмір жолыңыз туралы кітап жазу ойыңызда бар ма?
- Барлығын жинап айтам, уақыты келеді, кітап жазуым мүмкін.
- Діни істерді жүргізуде маңыздысы имам кадрлардың білімі мен біліктілігі.
- Мәселен мен діни басқарманы басқаруға келгенде екі-ақ қазақ имам еді. Оны неге сұрамайсыңдар? Мысалы мен 400 кадрды оқыттым. Олардың көбі қазір жұмыс істемей жүр.
- 1992 жылы сіз Бас мүфти болып тұрған кезде қабылданған «Діни сенім және ар-ождан бостандығы туралы» заң секталардың қызметіне жол ашқандай болды.
- Мен мүфти болғанда депутат та болғам. Сонда Жоғарғы Кеңесте секталардың қаупі туралы айтқам. Бірақ «Алаш» қолымды сындырып, байлап тастағанда, бұл заң қабылданып кетті. (1991 жылы Рәтбек қажы Нысанбайға «Алаш» партиясының бірнеше белсенді мүшелері мешітте шабуыл жасап, қолын сындырған, бас мүфти болудан бас тартуын талап еткен. - ҚАЗАҚИЯ)
- Жасай алмай қалған дүниелеріңіз бар ма?
- Жасай алмай қалғаным жоқ, бәрі өз ретімен келіп жатыр. Бірақ бәрін жасап, қызығын көретін кезде кетіп қалғаным ашындырады.

04.01.2008

ТАРАЗЫ


Әр апТ*аның жұмА*сында "ХабаР*" А*рнасында 21:30-да "ТАРАЗЫ" апталық-сараптамалық телетартуын тамашалаңыЗ*!
(қайталауы: сейсенбі, 15.10)
Ой қосЫ*ңыз...



Жаңа мүшелдің жаңа парағы

Көптен блогыма жазу жазып, ақпар жаңартпаған едім.
Григориан күнтізбесіндегі 2008-де ҚАЗАҚИЯ блогымда жұртты қызықтыратын дүниелер орын алатын болар деп үміт етем. Өзім блогым жаңартып тұрмасам да, өзге қазақ тілді ғаламтор күнделіктерін жіті оқып, танысып отырдым.
Блогыма қатысты нендей жаңалық болуы мүмкін?
Мәселен, алдағы 3-4 күннің ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының экс-бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбаймен болған ашық сұхбатты жариялаймын...

02.11.2007

"Азамат" жастар клубының мүшелері - Парламентте!

«Азамат» жастар клубының алты мүшесі қараша айының 5-10 аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінде іс-тәжірибеден өтпек. Бұл бірнеше Мәжіліс депутаттарымен келіссөздер нәтижесінде мүмкін болып отыр. Осыған дейін бірнеше жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан «Депутат және жастар» жобасының мақсаты – депутаттар мен жастар арасында диалог орнату, жастардың Парламент қызметімен танысуы, сондай-ақ, заңнаманың заңға айналу үдерісін, заңдардың талқылануын көзімен көруіне мүмкіндік ашу.
2007 жылдың сәуір айында жүзеге асқан жобада парламент қабырғасына баруға мүмкіндік алған жастар «ҚР Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын құрастырып, депутаттар назарына ұсынды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Тіл комитетінің төрағасы Ерден Қажыбек мырзаның айтуынша, үкімет деңгейінде әзірленіп жатқан «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасында «Азамат» клубы мүшелері дайындаған заң жобасындағы баптар ескерілетін болады.
Ал қараша айындағы Парламентке сапардағы қоғамдық көмекшілердің жұмысы негізінен жастар тақырыбына арналмақ. «Жастарды баспанамен қамтамасыз ету», «Жастарды жұмыспен қамту», «Жас ғалымдарды қолдау» және «Жетім балалар мәселесі» тақырыбын зерттеген іс-тәжірибеден өтуге талпынған жастар Мәжіліс депутаттарына осы тақырыптарда өзіндік ұсыныстарын жинақтап, депутаттық сауалдар әзірлемек.
«Азамат» жастар клубының мүшелері Парламентте Мәжіліс депутаттары Алдан Смайыл, Бекболат Тілеухан және Нұртай Сабильяновта қоғамдық көмекші ретінде бір апта іс-тәжірибеден өтпек.

9 айда - 228!

Қызылордаға жол түсті, сол сапарда қолыма Қызылорда облысы бойынша 2007 жылдың 9 айындағы жол-көлік оқиғалары туралы ресми мәлімет түсті.
Қаңтар-қыркүйек аралығында облыс көлемінде 228 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 100 адам осы оқиғалардың салдарынан қайтыс болған. 225 адам жарақат алған.Оның ішінде, жасөспірімдердің қатысуымкен болғандары – 33, қайтыс болғаны – 9, жарақат алғаны – 27.
Жолдағы апаттардың 189-ына көлік иелері, 22-сіне жаяу жүргіншілер кінәлі болған. 3 оқиға ішімдік ішу салдарынан орын алған.

01.11.2007

Қаратау қаласы

Республика күні қарсаңында Жамбыл облысы, Талас ауданының Қаратау қаласына жол түсті. Сол жолсапардан бірер сурет назарларыңызға ұсынамын. Суреттерге байланысты бірер сөз. Қаратауда мемлекеттік нышандарға деген ерекше «құрмет» байқалады. Қызылорда облысына қарасты Тереңөзек өңiрiнде 1825 жылы дүниеге келген ақын Ұлбике Жангелдіқызына орнатылған ескерткіш пен ақын қыздың есімін иеленген мәдениет үйі. Қазыналы қарт Қаратау.
Қосымша ақпарат:
Қаратауда еліміздегі 350 түрлі өсімдіктің сексенге жуығы кездеседі, сондай-ақ 61 дәрілік өсімдік өседі. Қаратаудың басты мақтанышы – Грейг қызғалдағы, сарымсақ, жуа және т. б. көптеген өсімдіктер. Сирек кездесетін жоғалып бара жатқан арқар, тек Қаратауда ғана бар көрінеді.
Ұлбике Жангелдіқызының әке-шешесiнiң кейінірек қоныс аударған жерi Жамбыл өңiрiнiң Талас бойы болғандықтан, оның айтыстарының көбi Талас маңында айтылғанын деректер растайды. Ұлбикенiң ақындық өнерiнiң биiктiгi ата-анасына да қатысты болса керек. Себебi, әкесi Жанкелдi де, анасы Жаңыл да қара жаяу емес, өлең мен сөздiң қасиетiн бiлетiн ауызекi өлеңге жүйрiк жандар болған. Бірде Майлы қожа ақын Ұлбикеге әзілдеп: «Түсімде алтын зеренге қымыз құйып отыр екенсің» — депті. Сонда Ұлбике іркілместен былай деген екен:
Басыма салып жүрмін желегімді,
Үш-төрт жыл біле алмадым дерегіңді.
Мүттәні теріс оқыған зәлім қожа,
Тауып бер көнегім мен зереңімді.
Ұлбикенің асыл мұрасын жинауға М-Ж. Көпеев, Ә. Диваев, В.В. Радлов сияқты әйгілі фольклор жинаушылар айрықша ыждаһатпен ден қойған. «Бұдан 120 жылдай бұрын жанды бетіне қаратпаған ақын болып, қазақтан Ұлбике деген қыз шығыпты», — деп жазады Ә. Диваев.

18.10.2007

Халықаралық һәм бүкіләлемдік...

22 қазан – Халықаралық мектеп кітапханаларының күні (қазанның төртінші дүйсенбісі)
24 қазан – Бүкіләлемдік даму мақсатындағы ақпарат күні
24 қазан – БҰҰ күні
24 қазан – Қарусыздану апталығы
28 қазан – Еуропаның қоршаған орта күні
30 қазан – Халықаралық саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
31 қазан – Халықаралық Қара теңіз күні

2 қараша – Бүкіләлемдік бейбітшілік пен даму мақсатындағы ғылым күні
3 қараша – Бүкіләлемдік еркектер күні (қарашаның бірінші сенбісі)
8 қараша – Бүкіләлемдік сапа күні (қарашаның екінші бейсенбісі)
10 қараша – Бүкіләлемдік жастар күні
11 қараша – Халықаралық ғылым мен бейбітшілік апталығы
13 қараша – Халықаралық соқырлар күні
14 қараша – Бүкіләлемдік диабетке қарсы күрес күні
15 қараша – Халықаралық темекіден бас тарту күні (қарашаның үшінші бейсенбісі)
16 қараша – Халықаралық төзімділік күні
17 қараша – Халықаралық студенттер күні
18 қараша – Даналық күні
20 қараша – Халықаралық бала құқығының күні
21 қараша – Бүкіләлемдік сәлемдесу күні
21 қараша - Бүкіләлемдік телевидение күні
25 қараша - Бүкіләлемдік зорлық-зомбылықпен күрес күні
26 қараша - Бүкіләлемдік ақпарат күні

1 желтоқсан – Бүкіләлемдік ЖИТС (СПИД)-ке қарсы күрес күні
3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектер күні
7 желтоқсан – Халықаралық азаматтық авиация күні
9 желтоқсан – Халықаралық жемқорлықпен күрес күні
10 желтоқсан – Бүкіләлемдік футбол күні
10 желтоқсан – Адам құқығының күні
19 желтоқсан – Халықаралық есепшілер күні
28 желтоқсан – Халықаралық кино күні

Әр тұрғынға 153 көлік

Соңғы 5 жылда Қазақстандағы автокөліктердің саны екі есеге дейін ұлғайып, 2 миллион 400 мыңға жуықтаған. Бұл елдегі әрбір мың тұрғынға шаққанда 153 көліктен келеді деген сөз. Ал ең ірі «миллионер» қала Алматыда әрбір үш тұрғынға бір көліктен тиеді екен. Көліктің көбеюімен бірге, жол-көлік оқиғаларының да саны артқан. Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, соңғы 5 жылда жол-көлік оқиғаларынан 16 000 адам қайтыс болған. Осы мәлімет біздің жолдарымыздағы көлік қозғалысы қаншалықты қауіп тудыратынын көрсетсе керек. Бұған көлік санының күрт артуы, қосымша жолдардың аз салынуы және көлік жүргізу куәліктерінің сатылуы себеп болса керек.
Полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті ІІІ отырысында көлікті мас күйінде жүргізушілерге қатаң жаза қолдану қажеттігі айтылды. Мәселен, бірінші рет ішімдік ішіп ұсталса - 2 жыл, келесіде - 5 жыл, соңғысында - мәңгілік жүргізу құқығынан айыру. Себебі, осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, мас күйінде көлік жүргізгендердің салдарынан 395 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 102 адам қайтыс болыпты.

Сондай-ақ, еліміз бойынша 6500 жол полициясы қызметкері бар екен, жолдағы қозғалысты реттеу үшін, бұл көрсеткішті 2000 қызметкерге арттыру қажет екен.

Атаулар сыры

География – бұл Жер туралы, оның қозғалысы, Күн жүйесінде планета ретінде орналасуы, оның формасы, ұзындығы, құрылымы мен жер беті бедері, қоршаған орта атмосферасы мен оның тұрғындары туралы ғылым (Брокгауз). Кез келген ғылым тәрізді географияның да өз тілі бар: ол географиялық терминдер мен географиялық атаулардан құралады. Бұл туралы географ-топонимист Э. М. Мурзаев «Қазіргі қоғамдық өмірді географиялық атауларсыз елестету мүмкін емес. Олар күн сайын балалық сәтімізден бастап біздің санамызда келеді. Жердегі бар дүниенің өз мекені бар, бұл мекен-жай адам дүниеге келген жерден басталады. Туған ауыл, адамдар тұратын көше, қала, ел – барлығы да белгілі бір атауға ие. Күнделікті мерзімді баспасөзді, классикалық шығармаларды оқу, мәдениет тарихы мен ғылымның дамуы біздің тіліміздегі жаңа географиялық атаулар қорын кеңейтуде»,-деп атап көрсеткен.
Топонимика (грек. τόπος (topos) – орын, ὄνομα (ōnoma) – атау) – географиялық атаулардың пайда болуын, мағынасын, айтылуындағы және жазылуындағы өзгерістерді зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Топонимика – географиялық атауларды, жер-су аттарының пайда болуын, өзгерісін, этимологиясын және қазіргі қолданысын зерттейтін ғылым. Оның бірнеше салалары бар.
Антропоним – адамға қойылатын есімдер
Геолоним – батпақ атаулары
Геноним – тек, ұрпақ кезеңінің атаулары
Гидроним – су нысандарының атаулары
Гляционим – мұздық атаулары
Дримоним – орман массивтерінің атаулары
Зооним – жануар атауларынан пайда болған аттар
Инсулоним – арал атаулары
Ихтионим – балық атауларынан пайда болған аттар
Некроним – қорған атаулары
Ойконим – елді-мекен атаулары
Орнитоним – құс атауларынан пайда болған аттар
Ороним – жер беті бедерінің кез-келген атауы
Фитоним - өсімдік атауларынан пайда болған атаулар
Этноним –этнос атаулары
Космоним - онимнің түрі, галактика мен ғарыш денелерінің, жұлдыздар мен жұлдыз шоғырларының атаулары;
Хороним - топонимнің түрі, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атаулары;
Микротопоним – әдетте сипаты мен құрамын білдіретін табиғи немесе жасанды құрылған кішкентай нысан атаулары
Урбаноним – қалаішілік нысан атаулары. Урбонимнің өзінен салаішілік келесі бағыттарды бөліп көрсетеді:
Годоним – көше атаулары
Агороним – алаң атаулары
Эмпороним – дүкен атаулары

08.10.2007

Қадір түні құтты болсын!

Бүгінгі түн қасиетті Қадір түні. Мың түннен де қайырлы саналатын «Ләйлатул-Қадр» баршаңызға құтты болсын. Осы түні тілеген дұға-тілектеріңіз орындалғай! Ел-аман, жұрт тыныш болсын!