29.06.2007

Дана Абай
Абайдың аты әрбір алаш азаматы үшін – жай ғана есім емес, ол ұлы құбылыс, зор ұғымға айналды. Халықтың ортақ алтын көмбесіндей болған Ұлы Абайдың даналық пен тәлімге, тәрбие мен ізгілікке толы әрбір туындысы тек қазақтың емес, Әлемнің игілігіне айналды. Абай – қазақ поэзиясы мен прозасын жаңа белеске көтеріп қана қоймады, қазақ ұлтын да жаңа деңгейге шығарды. «Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын», - дейтін дана Абай қазақты алға жетелеуші алып бағдар, алыстан көрінген жарық тәрізді, оның әрбір өлеңі мен ғақлия сөздері сізді еріксіз осындай ойға жетелейді.
Абай өзінің бар шығармасын қазақы ділге лайықтап жазды, бұрынғы қазақ сөзін ұстартып, поэзия мен прозаның Абайға дейінгі бар болған үлгісінің сан-алуан мүмкіншіліктерін пайдаланды. Уақыт өткен сайын Абай шығармашылығы ерекшелігімен, сонылығымен жарқырап көріне бастады. Абай жалпы тұрғыда ұғынықты бола тұра, берері мол, сарқылмайтын қазына, таусылмайтын мәңгі бұлақ бастауы секілді. Бұл – тек Абайға тән, Абай болмысына сай келетін құбылыс.
Қазақтың дүниетанымы мен әлеуетін, қоршаған орта туралы түсінік-танымын Абайдан табуға болады. Қазақ поэзия тілінің Абай ашқан сиқыр сырлары әлі талай ғасырларда ақындардың сан ұрпағына ашық жатқан сара жол. Абай әлемі біздің жеті түнде адастырмас Темірқазығымыз іспетті. Соған қарап, тірлігіміздің дұрыс-бұрыстығын сараптап, алдағы мақсаттарымызға қатысты кез-келген мәселеде хакім Абайға жүгініп отыратынымыз бар. Әсіресе қара сөздеріне үңіле қараған жанның мол інжу-маржанды табатыны анық.
Қытай ойшылы Конфуцийдің: «Мен жаңадан шығарушы емеспін, жалғастырушымын»,–дейтін бір сөзі бар. Сол сияқты, Абай да өзіне дейінгі мәдениеттің, дәстүрдің жалғастырушысы және оны қайта жаңғыртушысы болды. Дана Абайдың әр сөзі халықтың жадында жатталды. Абай – көптің жол көрсетер желкені секілді. Ол өз дәуірінің ғана емес, келер ұрпағының да Ұлы Тұлғасы бола алды.

Комментариев нет: