27.01.2009

Халық санағы - 2009

Жер Ғаламшары. Халықаралық халық санағы орталық бюросының тіркеуі бойынша, әр секунд сайын Жер бетінде орта есеппен 4,2 нәресте дүниеге келіп, 1,7 адам ажал құшады. Әр минутта 250 адам, әр сағат сайын 15 020 жан дүние есігін ашады. Соңғы санақтар бойынша, Жер шарының тұрғындары – 6 миллиард 725 миллион. Оның 0,22 пайызы біздің Отанның тұрғындары. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін халық санақтарынан алынған мәліметтер.
Қазіргі «Халық санағы» ұғымына сай келетін ең алғашқы ресми санақ 1790 жылы Америка Құрама Штаттарында өткен. Тұрақты, әрі жүйелі түрде халық санағын өткізе бастаған тұңғыш ел АҚШ. 1790 жылы Сенатта қабылданған билльде он жылдық санақтық кезең мен санақ өткізудің формасы, әдістері мен тәртібі, сын сәті анықталды. 1800 жылы Швеция мен Финляндияда, 1801 жылы Англия, Дания және Норвегияда кісі есебі жасала бастады. ХХ ғасырдың орта тұсында бұл маңызды жұмыс ел-елді түгелге жуық қамтыды деуге болады. 1960 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының ұсынысы бойынша, халық санағы барлық мемлекетте кемі он жыл сайын өткізіліп тұрады
2009 жылдың 25 ақпаны мен 6 наурыз аралығында елімізде өтетін Жалпыұлттық халық санағы реті бойынша 9 санақ.
1897 жылғы санақ нәтижесінде Қазақстандағы халық саны – 4 млн. 147 мың болды. Негізгі ұлттың үлесі – 81,8 пайызды құрады.
1926 жыл. Қазақстан халқының саны – 6 миллион 196 мың адам.
1937 жылы халық саны – 5 миллион 126 мыңды құрады. Зұлматты, нәубетті жылдардағы аштық, ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін елдегі халық санын күрт кемітті.
1970 жылғы санақ нәтижесінде Қазақстан халқының сауаттылық деңгейі 99,7 пайызға жеткені анықталды.
Қаріп танитындардың үлесінің бұрмаланулары болса да, 1939 жылғы деректердің өзінде, сауаттылық деңгейі 83,6% пайыз еді. 1926 жылы екі адамның бірі хат таныса, 1897 жылы бұл көрсеткіш 8,1 пайыз деп көрсетілген. 30 жылдың ішінде сауаттылықтың жылдам артуының бір себебі алғашқы ресми санақта, орыс патшалығы жалпы халықтың үлесінде 81 пайызды құраған қазақтардың араб тілі мен қарпін меңгеруін есепке алмағандығы еді.

1959 жыл. Қазақстандағы халық саны 9 млн. 310 мың адам.
1970 жыл. Қазақстан халқының саны - 13 миллион 008 мың адам.
1979 жыл. Халық саны – 14 миллион 684 мың.
1989 жыл. Қазақстан халқының саны 16 млн. 464 мың.
1999 жыл. 14 млн. 953 мың адам.
1999 жылғы санақ нәтижелеріне сүйене отырып, статистикада кең қолданылатын әдіспен, халықтың бірнеше өлшемдер бойынша портретін анықтауға болады. Бұл үшін Қазақстанның халық санын 100 адамнан тұратын бір шаңырақ ретінде аламыз.
Қара шаңырақ Қазақстандағы 100 тұрғынның 56-сы қалалықтар, 44-і ауыл тұрғыны. Олардың 51-і әйел мен 49-ы ер кісі. 1 адамның шет елдік азаматтығы бар, 99-ы Қазақстан азаматтары. Барлығы сауатты, 100 жанның 26-сының орта білімі, 16-сының кәсіптік орта білімі, әр он адамның бірінің жоғары білімі бар. Жұмыс жасайтын тұрғындарының жартысынан астамы қызмет көрсету саласында еңбек етеді. Орта есеппен 26 жасар ер азамат пен 23 жасар әйел отау құрады. 100 адамның 29-ы 15 жасқа дейінгі балалар, 25-і 15 пен 29 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдер, 35-і 30 бен 59 жас арасындағы ересек адамдар, 11-і 60 жастан асқан егде кісілер.

2 комментария:

Анонимно комментирует...

ааа, түсінікті :)

Анонимно комментирует...

Статистика жагинанан алдина жан салмайды екенсин. Жакси-ак! Ал, енди сараптама макалалар, ой толгаулар жазсан типти керемет болып кетейн деп тур!