30.07.2007

Блогшылардың Бірінші Басқосуы



28 шілде, 2007 жыл, Алматы. Жергілікті уақыт 10:30 (Гринвич меридианы + 6:00)

Алматыдағы жергілікті сауда орталықтарының толқынды ғаламтор желісіне қосылу мүмкіндігін беретін орындарының бірінде қазақ блогшыларының алғашқы басқосуы өтті.
Асхат Еркімбай, Қуаныш Мағзу, Бақытгүл Салық, Думан Күреңбай, Әділ Абдрахман және мен бас қосқан мәжіліс виртуалды әлемторда ғана бірін-бірі білетін блогшылардың өзара танысуы сипатында өтті.

Асхат Еркімбай: Блог – әрбір адамның ғаламтордағы күнделігі десе де болады.
Бақытгүл Салық: Блогтың негізгі мақсаты – пікір алаңына айналу. Егер сенің жазғандарыңа пікір жазылмаса, онда бұл басқаларға керек емес деп ойлайсың.
Қуаныш Мағзу: Блог дегеннің не екенін көп адамдар түсіне бермейді. Мен өз блогымда жұмыс жасап жатсам, адамдар «бұл сенің бизнесің бе?» деп сұрап жатады.
Әділ Абдрахман: Блогты қалай жасауға болатынын біліп алдым, енді өз блогымды ақпаратқа толтыра берем.
Думан Күреңбай: Әлі өз блогымды аша қойғаным жоқ, болашақта жоспарымда бар.
Асхат Еркімбай: Менің блогымды тұрақты түрде АҚШ-тың Аляска штатынан, Ираннан, Моңғолиядан қарайтындар бар. Адамдардың сенің блогыңды қарағанын көріп, сенің де жауапкершілігің артады.
Қуаныш Мағзу: Блогты өзіндік дамыту өте қиын. Оған басқа тараптардан да көмек керек.
Бақытгүл Салық: Күздің бір айында үлкен бір басқосу өткізген дұрыс болар.
Асхат Еркімбай: Қайсыбірімізде бір ұсыныс не сұрақ туындаса жиналып тұрайық. Жиналудың нақты уақыты мен жиілігі өзі-ақ анықталады.

Комментариев нет: