01.02.2009

Ұятты ұялы...

Осыдан он-он бес жыл бұрын елімізде сыртқы пішіміне қарап, кірпіш аталып кеткен ұялы телефон ұстағандар қоғамдағы жаңа технологияны игерген озық адамдар саналып, анда-санда ғана ұшырасатын. Ал қазір ұялы телефон күнделікті қарым-қатынас құралы, біздің бір өмір бөлшегімізге айналып үлгерді. Ал оның бағасы ше?
Бірлікті аз жұмсайтындар үшін де, саз жұмсайтындар үшін де ұялымен байланысу қымбат. Қазір онымен бұрынғыдай сән үшін сөйлесетін ешкім жоқ. Бәріне қажеттіліктен керек. Біздің нарыққа ұялы байланыс аталатын соны технологияның келгенініне биыл – 15 жыл. Осы 15 жылда тіркелген сим-карталар санымен есептелетін абонент саны 15,2 миллионды құраған. Соңғы ресми деректерге көз салсақ, 15,3 миллион халқы бар Қазақстан үшін бұл тәуір, тіпті өте тәуір көрсеткіш. Бірақ бағаның төмендеп жатқанын сезініп жатқандар аз. Бәрібір қымбат дейтіндер көп. Алғаш ұялы байланыс нарығы ашылғанда, сөйлесудің бағасы 1 доллардан жоғары еді, оған қоса, дөңгелектеу 60 секундқа дейін еді. Есесіне, 90 жылдардың басында жақсы алғышарттармен, арзан тарифтермен нарыққан енуге талпыныс жасаған бірнеше ұсыныстар қабылданбай қалған.
Қазіргі таңда еліміздегі мобильді байланыс нарығында 3 GSM және бір CDMA жүйесіндегі төрт компания қызмет жасайды. Ақпараттандыру және байланыс агенттігі аталатын құзырлы мекеме өкілдері жаңа операторлардың нарыққа енуіне қарсы емес, бірақ, байланыстың толқын жиілігінде бос орын жоқ, қолдануға болатындары Қорғаныс министрлігіне тиесілі екен.
Қызмет көрсету бағасына келсек, ұялы нарық ұятты боп тұр. Жер көлемінің үлкендігін себеп етейін десек, көршілес Қытайда байланыстың бір минуты орта есеппен 3 теңгені төңіректейді, мәселені халықтың аз шоғырлануынан іздейін десек, 1 шаршы шақырымға 2,5 адамнан ғана келетін Аустралиядағы ұялы телефон қызметінің құны бізден төмен. Әлеуметтік жағдайы әлсіздеу саналатын Орта Азия да, дамыған Еуропа да байланыстың бұл түріне тұтынушының шығыны аз. Ресейлік компания сатып алған 777 нөмірлі оператордан өзгесінде «Қазақтелеком» аталатын байланыс магнатының бақылау пакеттері бары біздің баға саясатындағы алшақтықтардың қайдан екенін білуге жетелесе керек.
Орта есеппен алғанда, қазір ел тұрғындары қоңырау соғудың бір минуты үшін GSM жүйесінде 12-35 теңге аралығында қаржы жұмсап отыр. байланыс қызметін ұсынушы компаниялар маркетингтік әдіс-айлаға салып, бір жағынан тұтынушыға тарифтер таңдау мүмкіндігін бергендей болып, екінші жағынан осы арқылы табысқа жетуді көздейді. Бір тарифте ішкі қоңыраулар құны арзан болғанымен, өзге желідегі абоненттер үшін қоңырау шалу қымбат немесе ұялы телефон нөмірлеріне арзанырақ болғанымен, стациноарлық қалалық телефондарға байланысқа шығудың шығыны көп. Болмаса, байланыс құны CDMA жүйесіндегі тәрізді минутына 3,5-9 теңге аралығында, бірақ, абоненттік төлем бар. Құндағы мұндай қым-қуыт тірлік тауарды өткізуді басты істері деп білетін маркетологтардың өзіне бірнеше нөмірді қатар ұстатып отыр.
Телефоныңда бірлік болмаса, тірліктің де өнуі қиын. Сол бірліктердің арқасында «Кар-Тел» компаниясының өткен жылғы таза табысы 71 миллион долларды құраған, ал №1 алып GSM Қазақстан мұндай ақпарат таратқан жоқ, бұл ұялы байланыс нарығындағы ашықтықтың аздығын көрсетсе керек.
Телефон операторлары қазір табыстың біршама бөлігін негізгі байланыс орнатумен ғана емес, сонымен бірге қосымша sms, mms, GPRS, wap және басқа да қызметтер ұсыну арқылы тауып отыр. Айтпақшы, Қазақстанда, тек байланыс операторларының тарифтік бағасы ғана емес, телефонмен ұтқыр ғаламторға ену құны да қымбат...
Ұялының ұятты болатын тағы бір тұсы - тілі...

27.01.2009

6 726 042 962...963...964

Орта есеппен жұмыр Жер тұрғыдарының өсу динамикасын ескере отырып, әр секунд сайын жаңарып отырған ақпаратты біле аласыз.
Мәселен, қазір әлемдегі халық санының қанша екенін білгіңіз келе ме?
Осы сілтемеге еніңіз:http://math.berkeley.edu/~galen/popclk.html

Әлем халқының қалай өзгеретінін мына деректің өзі көрсетеді. Осы ақпаратты орнатқанымда, Жер тұрғындары 6 726 042 962.

Халық санағы - 2009

Жер Ғаламшары. Халықаралық халық санағы орталық бюросының тіркеуі бойынша, әр секунд сайын Жер бетінде орта есеппен 4,2 нәресте дүниеге келіп, 1,7 адам ажал құшады. Әр минутта 250 адам, әр сағат сайын 15 020 жан дүние есігін ашады. Соңғы санақтар бойынша, Жер шарының тұрғындары – 6 миллиард 725 миллион. Оның 0,22 пайызы біздің Отанның тұрғындары. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін халық санақтарынан алынған мәліметтер.
Қазіргі «Халық санағы» ұғымына сай келетін ең алғашқы ресми санақ 1790 жылы Америка Құрама Штаттарында өткен. Тұрақты, әрі жүйелі түрде халық санағын өткізе бастаған тұңғыш ел АҚШ. 1790 жылы Сенатта қабылданған билльде он жылдық санақтық кезең мен санақ өткізудің формасы, әдістері мен тәртібі, сын сәті анықталды. 1800 жылы Швеция мен Финляндияда, 1801 жылы Англия, Дания және Норвегияда кісі есебі жасала бастады. ХХ ғасырдың орта тұсында бұл маңызды жұмыс ел-елді түгелге жуық қамтыды деуге болады. 1960 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының ұсынысы бойынша, халық санағы барлық мемлекетте кемі он жыл сайын өткізіліп тұрады
2009 жылдың 25 ақпаны мен 6 наурыз аралығында елімізде өтетін Жалпыұлттық халық санағы реті бойынша 9 санақ.
1897 жылғы санақ нәтижесінде Қазақстандағы халық саны – 4 млн. 147 мың болды. Негізгі ұлттың үлесі – 81,8 пайызды құрады.
1926 жыл. Қазақстан халқының саны – 6 миллион 196 мың адам.
1937 жылы халық саны – 5 миллион 126 мыңды құрады. Зұлматты, нәубетті жылдардағы аштық, ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін елдегі халық санын күрт кемітті.
1970 жылғы санақ нәтижесінде Қазақстан халқының сауаттылық деңгейі 99,7 пайызға жеткені анықталды.
Қаріп танитындардың үлесінің бұрмаланулары болса да, 1939 жылғы деректердің өзінде, сауаттылық деңгейі 83,6% пайыз еді. 1926 жылы екі адамның бірі хат таныса, 1897 жылы бұл көрсеткіш 8,1 пайыз деп көрсетілген. 30 жылдың ішінде сауаттылықтың жылдам артуының бір себебі алғашқы ресми санақта, орыс патшалығы жалпы халықтың үлесінде 81 пайызды құраған қазақтардың араб тілі мен қарпін меңгеруін есепке алмағандығы еді.

1959 жыл. Қазақстандағы халық саны 9 млн. 310 мың адам.
1970 жыл. Қазақстан халқының саны - 13 миллион 008 мың адам.
1979 жыл. Халық саны – 14 миллион 684 мың.
1989 жыл. Қазақстан халқының саны 16 млн. 464 мың.
1999 жыл. 14 млн. 953 мың адам.
1999 жылғы санақ нәтижелеріне сүйене отырып, статистикада кең қолданылатын әдіспен, халықтың бірнеше өлшемдер бойынша портретін анықтауға болады. Бұл үшін Қазақстанның халық санын 100 адамнан тұратын бір шаңырақ ретінде аламыз.
Қара шаңырақ Қазақстандағы 100 тұрғынның 56-сы қалалықтар, 44-і ауыл тұрғыны. Олардың 51-і әйел мен 49-ы ер кісі. 1 адамның шет елдік азаматтығы бар, 99-ы Қазақстан азаматтары. Барлығы сауатты, 100 жанның 26-сының орта білімі, 16-сының кәсіптік орта білімі, әр он адамның бірінің жоғары білімі бар. Жұмыс жасайтын тұрғындарының жартысынан астамы қызмет көрсету саласында еңбек етеді. Орта есеппен 26 жасар ер азамат пен 23 жасар әйел отау құрады. 100 адамның 29-ы 15 жасқа дейінгі балалар, 25-і 15 пен 29 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдер, 35-і 30 бен 59 жас арасындағы ересек адамдар, 11-і 60 жастан асқан егде кісілер.

06.01.2009

Қазақ "Google"-ы қандай болуы керек?

Қазір әлемде ғаламтордағы негізгі сегмент іздеу жүйелерінің үлесіне тиеді. Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің Ақпараттық технологиялар департаменті KazNet сегментін дамыту шеңберінде ұлттық іздеу жүйесін құруды жоспарлап жатыр екен.
Егер сізде іздеу жүйесіне қатысты лайықты атқа ұсыныс болса, bazhaeva_n@aic.gov.kz мекен-жайына жолдауыңызға болады.
Менің өзім хат жолдадым: ондағы ұсыныстар
"Іздеу", "Табу", "Іздегіш", "Тапқыш", "Ғаламтор", т.т
Дереккөз: ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі

Қазақтарда - оралман, қырғыздарда - қайырылман

Қоңсы Қырғыз елі өзге елдердегі отандас бауырларын тарихи Отаны Қырғызияға шақырмақ. «Қайырылман» бағдарламасы шет елден елге оралатын бізше айтқандар оралмандарға бірнеше жеңілдіктер жасамақ.
Қырғызстанның Көші-қон және жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметіне сүйенсек, бір миллион этникалық қырғыз ел аумағынан тысқары тұрады екен, олардың басым бөлігі - Өзбекстан, Қытай мен Тәжікстанда шоғырланған. Бұл өткен жылы қабылданған «Тарихи Отанына оралған этникалық қырғыздарды мемлекеттік кепілдік беру туралы» Заңмен құқықтық бекітілген.


Дереккөз:
CentrAsia

14.12.2008

16 желтоқсан

Тәуелсіздігіміз мерейлі болсын!

Пейіліміз кеңейген сайын, ырысымыз артады!
Жаса, Қазақия!
Жаса, Ел
Жаса, Отан!

07.12.2008

Құрбан Айт Құтты болсын!

"Расында біз саған Кәусарды бердік. Ендеше, сен де Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал". (Кәусар сүресі)
Бүгін Құрбан Айттың алғашқы күні. Баршаңызды ұлық мерекемен құттықтаймын. Ниеттеріңіз, құлшылықтарыңыз, құрбандықтарыңыз қабыл болсын!
Аллаһ жүрегімізге иман ұялауды нәсіп еткей!

30.11.2008

Алматы көшелері

Анықтама үшін:
Топонимика (грек. τόπος (topos) – орын, ὄνομα (ōnoma) – атау) – географиялық атаулардың пайда болуын, мағынасын, айтылуындағы және жазылуындағы ерекшеліктер мен өзгерістерді зерттейтін тіл білімінің бір саласы.

Годонимия - топонимиканың көше атауларын зерттейтін саласы.
Қазір Алматы қаласында санақ бойынша, 1845 көше, 75 ықшам аудан бар. Көше атауларының 776-сы уақыт пен ұлттық саясат талабына сай келмейтін атаулар болса, 581-і ел тарихы, қазақ қоғамы, қала тіршілігімен байланысты атаулар. 180 көшенің атауы жоқ, 51 көше қайталанады.
Бірақ ақиқат ауылынан алыс емес бұл деректер нақтыланбаған. Мұндай болжамды санаққа урбандалу деңгейінің өсуіне байланысты қала маңындағы бірнеше елді-мекеннің Алматы қаласы аумағына қосылуы және соңғы онжылдықтарда көше атауларына қатысты мониторингтің жүргізілмеуі себеп.
Географиялық атаулардың пайда болуын, мән-мағынасын (семантикасын), айтылуы мен жазылуындағы ерекшеліктер мен өзгерістерді зерттейтін топонимика ғылымы өз ішінде өзара байланысты бірнеше салалардан тұрады. Мәселен, атаулар ұғымын зерттеу нысаны еткен топонимикада адам есімдері (антропоним), тек, ген, ұрпақ кезеңінің атаулары (геононим), мұздық атаулары (гляционим), тіпті өсімдік, жануар не құс атынан пайда болған атаулар (фитоним, зооним, орнитоним) дербес тұрғыда қарастырылады. Бір ғана қала, елді-мекен ныспысына байланысты ғана бірнеше салалар бар: ойконим (елді-мекен атаулары), урбаноним (қалаішілік нысан атаулары), годоним (көше атаулары), агороним (алаң атаулары), эмпороним (дүкен атаулары).
Алматы қаласының урбанонимдік атауларының тарихи, географиялық шеп тұрғысынан өзіндік ерекшеліктері мен жалпы қалаішілік атауларға ортақ сипаттары бар. Қаладағы көше атауларының көбі кешегі кеңестік кезеңдегі идеологиялық саясат себебімен атау алғаны белгілі. Сондықтан Тәуелсіздіктің он жетінші жылында да кешегі күннің лебін көше атаулары сүт бетіндегі қаймақтай ашық көрсетіп отырады.
Жалпы талдау, көше атауларын жіктеудің қалыптасқан қағидаларына сүйенсек, Алматы қаласының көшелеріне соңғы өзгерістерді қоса алғанда, мынадай бірнеше топтарды ерекшелеуге болады:
1. Антропонимдер, яғни кісі есімдері қойылған көше атаулары. Бұл топ тек Алматы ғана емес, Қазақстанның, тіпті бұрынғы кеңестік одақ құрамындағы мемлекеттердің, көптеген әлем елдерінің годонимдеріне тән топ. Алматы қаласына бағытталған зерттеулер антропонимдерді де бірнеше топшаға жіктеу мүмкіндіктерін көрсетеді. Олар:
Қазақ халқының біртуар азаматтары атындағы көшелер (Абай, Жамбыл, Қ. Сәтбаев, Құрманғазы, Ғ. Мүсірепов, т.т.); тамыры қазақ халқымен сабақтас қыпшақ, түркі әлемінің көрнекті тұлғалары (Физули, Тұрғыт Өзал, Иштван Қоңыр, Ұлықбек, т.т.); жыр-эпостық шығарма, ертегілер мен аңыз кейіпкерлері (Ер Тарғын, Алпамыс, Жиренше, Қобыланды батыр, Қыз Жібек); қазақ халқына, қала тарихына мүлде қатысы жоқ әлемдік тұлғалар есімімен аталатын көше атаулары (Гете, Айвазовский, Байрон, Бальзак, т.т.); қазақ халқына, қала тарихына мүлде қатысы жоқ, басқа елдер үшін жергілікті ғана маңызы бар азаматтар есімімен аталатын көшелер (Артем, Багратион, Демьян Бедный,т.т); өзге ұлт, мемлекеттің көрнекті азаматтары есімімен аталатын көше атаулары (Си Синхая, Янушкевич Адольф, Биянху, Цунвазо Юсуп); ел тарихына, қала қоғамына үлес қосқан өзге мемлекеттердің азаматтары атауын алған көшелер (Потанин).
2. Тарихи атауларға, оқиғаларға қатысты көше атаулары (Жібек жолы, Аңырақай, Қарқаралы, Орбұлақ, т.т.)
3. Тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерге байланысты көше атаулары (Айша-бибі, т.т.)
4. Қандай да бір әлеуметтік топтармен, қызметпен байланысты көше атаулары (Ардагерлер, Жастар, Банковская, т.т.)
5. Көше бойында немесе жақын орналасқан нысан атауы, сипатымен байланысты көше атаулары (Детсад, Мешіт, т.т.)
6. Табиғи шептерге байланысты көше атаулары, оның ішінде: ежелгі қала атаулары (Ақмешіт, Алатау, Кереку, Қызылжар, т.т); өзен-көл атаулары (Ақжайық, Арыс, Есіл, Зайсан, Сайран, т.т.); табиғи ландшафтты аймақтар (Хан Тәңірі, Бурабай, Жетісу, Қазығұрт, Қаратау, Сарыарқа, т.т).
7. Қандай да бір мерекелерге, даталарға, байланысты көше атаулары: (ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл, Желтоқсан, т.т.)
8. Жақсы ұғымдар мен әдемі сөздер, маңызды ұғымдардан құралған көше атаулары (Бәйшешек, Балдырған, Ұлан, Болашақ, Бостандық, Бейбітшілік, Береке, Бірлік, Достық, Егемен, Наурыз, Отау, т.т).

Годонимдер үнемі соңғы топтағы тәрізді жақсы ұғымдар мен әдемі сөздерден, ел үшін маңызды ақпараттардан тұрмайды. Көше атауларының саясиландырылуы, орыстандыру сипатты әртүрлі факторлардың әсерінен, қазаққа мүлде қатысы жоқ орыстың қарапайым суретшісі мен Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқыған бір ғалымға да, Комсомол ұйымына да (көше атауларын ауыстырдық делінетін қазірдің өзінде қала аумағында Комсомол аталатын 4 көше бар) Алматының көшелері бұйырған. Әлемдік годонимдік үрдісте мемлекетаралық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту үшін бір ел үшін тұлға азаматты екінші бір елге көше, ғимарат не елді-мекенге атау етіп беру дәстүрі бар (Манас көшесі, Тұрғыт Өзал). Бірақ жоғарыда біз атап көрсеткен сипатта емес. Алматыда Қазақстан Тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған көше жоқ, бірақ әлемді ұлықтайтын бізде Ньютон да, Менделеев те көше атын «иеленген», Фрунзеге бір емес төрт, тіпті атақты әзілқойға арналған болуы керек, Чаплин атты көше де бар. Морозовтың не Мартыновтың елге қандай еңбек сіңіргенін ешкім айтып бере алмас, ал Батумский кімге үлгі?
Мағынасыз көшелердің мұңы мұнымен бітпейді. Көше атауларын талдаудың тағы бір теориясына сүйене сараптасақ: кеңістік семантика (Восточная, Южный, Крайняя, Северная), сыртқы сипатты білдіретін сын есімді атаулар (Степная, Луговая, Деповская, Кривая), қалалық нысан атаулары (Садовая, Школьная), өндірістік тіршілікпен байланысты атаулар (Рабочая, Промышленная), кәсіп, адамдардың қоғамдық орны (Строительная, Учительский), қандай да бір мереке, даталарға байланысты көше атаулары (Краснооктябрьская, 24 маусым, 3 қаңтар, 9 қаңтар, Зимняя), табиғи шептерге байланысты көше атауларына (Озерная, Сосновая, Лесная), жақша ішіндегі мысалдарға қарап, ұлттық саясат пен годонимдік атаулар үйлесімсіздігі көзге бірден шалынады.
Көше атаулары бүгін өзгертіп, ұнамаса ертең қайта ауыстыра салатын тауар емес. Ол өзінің болмысы бойынша стратегиялық саясатты талап етеді. Өйткені атау өзгерісі тек саяси, идеологиялық қана емес, экономикалық сипатқа да ие. Көше атының өзгеріске ұшырауы сонда орналасқан барлық мекемелер мен заңды және жеке тұлғалардың құжаттарындағы мекен-жайларын, көше атаулары жазылған маңдайшаларды ауыстыруды талап етеді. Бұған қоса, қала аумағының кеңеюімен атаусыз қалған көшелер де, қайталанатын атаулар да бар. Бұл пошта, құтқару, салық жинау, тіркеуге алу қызметтерінде кедергі туғызады. Мәселен, 5 Садовая, 4 Южный, Школьный, Фрунзе, Степная, 3 Строительная, Ұйғыр көшесі, Солнечная көшелері бар.
Онсыз да біраз уақытты жоғалтқан көше атауларын өзгертудегі қадамдар неден басталуы тиіс? Ең алдымен, атаусыз 180 көшеге есім беру. Одан кейін, қайталанбалы атаулардан құтылу. Келесісі – бүгінгі ұстаным мен мемлекеттік саясатқа сай емес атаулармен күрес. Мұндай кезеңдік шешім жолдың ұсынылу себебі – көше атауын өзгертуден жаңа ныспы беру жеңіл. Сонымен бірге, көшеге берілетін атаудың қазақ тарихына, мәдениеті мен салт-дәстүріне, тілі мен діліне қатыстылығы (Алтыбақан, Алтын сақа); атаудың елдегі географиялық, тарихи маңызды табиғи шептер мен аймақ атауларына қатыстылығы (Жеті шатыр, Сарыарқа, Бурабай); атаулары көшеге немесе басқа да қалаішілік нысандарға берілетін азаматтардың ел мен қала тарихына қатыстылығы басты назарда болуы тиіс. Атау беруге қатысты БАҚ-та байқаулар жариялау таңдау көкжиегін кеңейту мүмкіндігін береді.
Бұл атауларға қатысты түйіннің бір парасы ғана.

29.11.2008

ҚАЗАҚИЯ

Ұзақ уақыт Қазақия атты блогыма жазбалар қалдыру мүмкіндігі болмаған. Құнттылықтың аздығы болар. Әйтпесе, осы блогқа бәлкім басқалар үшін маңызы бар, бәлкім маңызы жоқ ақпаратты жариялау үшін соншалықты ұзақ уақыт кетпейді.
Бұл жазбаны Блог жазуға қайта оралуға тырысу деп ұғыңыз.

02.07.2008

050711 КАРТОГРАФИЯ ЖӘНЕ ГЕОДЕЗИЯ

Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі сөз болғанда, тасада қалатын бір сала бар. Ол – картография. Антикалық дәуірде пайда болған деп болжанатын бұл сала алғашында тастар мен ағаштарға белгі ретінде қашалып, жергілікті жерде бағдар анықтап, қауіп-қатер мен азығы мол орынды белгілеу үшін қолданылса, бүгінгі ХХІ ғасырда оның сипаты мүлдем өзге.
Қазіргі картография карта туралы ілім ғана емес, сол картаны әзірлеуге дайындықтан бастап, қолдану аясы мен бағытталу тармақтарын анықтауға дейінгі алып кешеннің ғылыми бағыттаушысы.
Жаңа ғылыми-ақпараттық һәм техникалық өріс картаның ұсынылу формасына да өзгеріс әкелді: қазір компьютерлік арнайы бағдарламаларда жасалатын сандық карталардың, үш өлшемді карталардың дәурені жүріп тұр. Бұған адамзаттың өткен ғасырда ғарыш әлеміне жасаған қадамдары арқылы мүмкін болған жылдам, уақыттық жағынан дәл осы сәтке сай келетін әуеғарыштық суреттер мен түсірістерді бажайлау (дешифрлеу) арқылы құрастырылатын карталарды қосыңыз.
Бұл үрдістердің алғашқы қарлығаштары елімізде басым болмаса да, байқалып қалады. Әйтпесе, мәселен, жер аумағы алып АҚШ, Канада мемлекеттері әр бес жыл сайын өздерінің бүкіл картографиялық қорларын бір өңдеуден өткізіп, өзгерістер мен толықтыруларды жинақтап отырса, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш Ұлттық Атлас өткен жылы жарық көрген. 350-ге жуық алуан тақырыпты карталар топтастырылған үш томдық еңбекке дейін мұндай жинақ одан ширек ғасыр бұрын жарық көрген.
Жалпы осы саланың негізгі қозғаушы күші – мамандар. Бұл салада кәсіби мамандарды әзірлеу «геодезия және картография» деп аталатын мамандық жіктемесі бойынша жүргізіледі. Мемлекет грант негізінде жүзге жуық мамандарға жоғарғы оқу орындарында оқу мүмкіндігін беріп отыр. Еліміз бойынша, осындай салада оқытатын оқу орындарының саны – бесеу.
Соның бірі - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Осы оқу ордасының география факультетінде бірнеше мамандықтар бойынша оқыту жүргізіледі. 050711 шифрлы – «Геодезия және картография» мамандығы бойынша да дәріс беріледі. Дәл осы шифрлы мамандық бойынша осы жылы алғашқы түлектердің шығатындығын атап өту керек. Осыған дейін бұл мамандық тек «Картография» деп аталатын.
Ал картография және геодезия мамандығы бойынша оқу орнын бітірген жас қандай салада қызмет жасай алады?
Геодезистер – жер өлшеу, құбыр, жол салу, ғимарат тұрғызуды талап ететін барлық салаларда: мұнай-газ, өнеркәсіп, көлік жолында (оның ішінде, темір жол, автомобиль жолы) қызмет жасау мүмкіндігі бар. Ал картограф ретінде ғылыми-өндірістік мекемелерде, ғарыштық қызметпен қатысты мекемелерде, картографиялық фабрикалар мен өндірістерде еңбек ете алады.
Бұған жоғарғы оқу орындарында, арнаулы орта оқу ордаларында оқытушы қызметін атқара алады.