29.06.2007

«Өзін-өзі басқару» қашан жүзеге асады?

1985 жылы Страсбургте қабылданған Еуропалық Хартияда Жергілікті өзін-өзі басқаруға келесідей анықтама беріледі: «Өзін-өзі басқару бұл – жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғап, өз мойындарына жауапкершілікті ала отырып, заң шеңберінің негізінде, мемлекет міндетінің негізгі бөлігін алу және сол қызметті атқару. Әлемдік тәжірибеде өзін-өзі басқару органдарын құрудың негізгі үш тірегі бар: олар – заңдық реттеу, қаржылық құндылықтар және қоғамдық сұраныс. Халықтың өзін-өзі басқаруын реттейтін заңдар дамыған мемлекеттердің барлығында дерлік қолданыста. Бұл қадамға Қазақстан да бағыт алып келеді.
Жергілікті өзін-өзі басқару органын құрудағы негізгі мәселердің бірі сол органның бюджетін анықтау болып табылады. Әлемде оны қалыптастырудың үш жолы айқындалған: «Дербес салықтар», «Мемлекеттік салықтан үлес» және «Мемлекеттік гранттар». Көп елдерде өзін-өзі басқару институттары бюджетінің елеулі бөлігін мемлекет қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 89-бабы бойынша, жергілікті өзін-өзі басқару танылатындығын және дербестігіне заң шегінде кепілдік берілетіндігін атап өткен жөн. Өзін-өзі басқару органдарын құру үдерісі елді-мекен тұрғындарының азаматтық белсенділігіне де тығыз байланысты. Көп ретте қоғамдық негізде жұмыс жасайтын көше комитеттері, пәтер иелері кооперативтері, ардагерлер кеңесі тәрізді азаматтардың өз бастамаларымен құрылған бірлестіктер қызметін тұрғындардың өзін-өзі басқаруға деген ұмтылысы деп қарастыруға болады.
Конституциямен реттелген жергілікті өзін-өзі басқару заң жобасы бойынша халық көп қоныстанған елді мекендерде енгізілмек. Ол елді-мекендерде бір ғана жергілікті қауымдастық ашылатын болады. Ал облыс немесе республикалық мәртебесі бар қалаларда бірнеше қауымдастық құру құқығы белгіленген. Қауымдастықтың құрылуы туралы шешім шыққан соң, оның Жарғысы қабылдануы тиіс. Жарғы – жергілікті қауымдастықтың қызметін реттейтін құжат ретінде қабылданады. Бастысы Жарғыдағы баптар Қазақстан Республикасының Ата заңы мен Заңдарына қайшы келмесе болғаны. Бұл ретте жергілікті жерлерде жоқ Билер сотының құру мүмкіндіктері де қарастырылуда.
Әлемде өзін-өзі басқарудың негізгі саналатын қалыптасқан екі жүйесі бар: бірі – англо-саксондық, екіншісі – құрлықтық не еуропалық жүйе. Өзін-өзі басқару органдары мен оны басқарушылар әр елде түрлі аталғанымен, мақсат бір: ол – жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу құзіретін елді-мекен тұрғындарының өзіне беру.

Комментариев нет: