16.08.2007

Сәйгүлік сайысына келіңіз. Өтетін орны: сайлау учаскелері



Сайлау-додасына қатысушы сайыскерлердің дүбірі мәреге таяп қалды. Кешегі күннің атбегілерінше жерге құлақ төсеп, жата қалып, дүбірге құлақ салсаңыз, ауылдастың не ағайынның аты озғанын бағамдауға болатындай.
Бұл пропорционалдық деген ныспы алған аламан сайыстың сөресінен алдын-ала 50 000-нан аса жанкүйері бары белгілі деп баға алған жеті жүйрік көрінді. Олардың бабы мен бағы қаншалықты келіскенін сәйгүлік сайысы 18 тамыз күні атшабар жарыс алаңы – сайлау учаскелерінен көресіз.
Айлық алыс жерге созылып жатқан Үлкен аламанға ат қосқан ағайын өз жүйріктерін қал-қадерінше бағып-қағып, баптау үстінде. Бұл жарыстың Бас ұйымдастырушысы – Орталық сайлау комиссиясы жарыс өтер күні жанкүйерлердің өз сәйгүліктеріне қалай, және қандай әдіспен (қағаз бюлетень не электрондық «Сайлау» жүйесі) қолдау көрсетуге болатынын халыққа құлағдар етіп жатыр. Бұл істе әрбір сайысқа шыққан Сәйгүліктердің – партиялардың жанашырлары көмек беруде. Әрине, олар аламанда өз Партияларына жанкүйер тартпақ ниетте.
Жаз мезгілі болған соң, шешуші күні ел-жұрт «аламан жарысты тамашалауға келмей қалмас па екен?»- деген қауіп те жоқ емес. Бұл ой тек Бас ұйымдастырушы Орталық сайлау комиссиясын ғана емес, жарысқа өз Құлагерін қосқан әр партияның да «басын ауыртып» отыр.
Үлкен аламаннан бөлек, жорға және құнан жарыс деп аталатын Облыстық және қалалық (аудандық) мәслихат депутаттарының да жарысы өтпек. Жарыстан сіз де құр қалмаңыз!!!
PS:Бұл аламанның бір қызығы – мәреге кім бірінші жетеді деген сауал емес, кім екінші болады деген сұрақтың маңызы зор болып отыр. Сонымен, Таңдау-аламанға санаулы сәт қалды. Көпке қызығы – аламан (Парламент депутаттарын таңдау).

Комментариев нет: